Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның бұрынғы басшысы Елжан Біртановпен қарым-қатынасы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сіз министр болып тағайындалғанда, жылы лебіз білдіріп, Елжан Біртановқа денсаулық тіледіңіз. Қазір ол қылмыстық іске қатысы бар деп айыпталып отыр. Қазіргі қарым-қатынастарыңыз қандай?», деген журналистің сұрағына Цой жауап берді.
«Қандай жағдайда да біз әріптеспіз. Бірнеше жыл бірге жұмыс істедік. Мен оның басшылығымен вице-министр болып жұмыс істедім. Әрине, оны жақсы білемін. Қылмыстық іске қатысы бар екені айтылғанға дейін онымен сөйлесіп тұратынбыз. Қазір әркімнің өз бағыты болуына байланысты арамызда ешқандай қарым-қатынас жоқ. Бізде ешқандай түсініспеушілік жоқ. Әріптестерміз», деп жауап берді Алексей Цой.
Айта кетейік, сотта прокурор Төлеген Жараспаев Елжан Біртанов пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке аса ірі көлемде - 1,5 миллиард теңге немесе 4,1 миллион доллар сомасында мемлекетке материалдық залал келтірді деген айып таққан болатын.
6 мамырда Елжан Біртановтың үйқамақтағы мерзімі 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартылды.