Атырау полицейлері психотроптық дәрілерді заңсыз сатып жүрген 22 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 5 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ 2 медицина қызметкерінен трамадол дәрісінің 69, тропикамед дәрілік препаратының 1 280 таблеткасы алыныпты.
«Ал, 22 жастағы жігіт Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде психотроптық дәрілерді заңсыз сатып жүрген. Тексеру кезінде 1999 жылы туған жігіттен 58 дана трамадол, 31 дана трапикамед дәрі-дәрмегі алынды. Қазір аталған деректерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 426-бабымен (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалық айналысы саласының қағидаларын бұзу) Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне шешім қабылдау үшін іс-құжаттар жолданды», дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.