• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2021

Қауіпсіз әрі көңілді каникул

649 рет
көрсетілді

Балалық бал дәурен – адам баласының сағынышы басылмайтын, ынтығы артып тұратын ыстық сезім. Уақыттың керуені кері бұрылса, кез келген пенденің періште пейілді пәк кезіне алып ұшары анық. Себебі ол сәттер – тазалық пен шынайылықтың шырайы бұзылмаған, келбеті кірлемеген, тұнығы лайланбаған шақ.

Асыға жүгіріп, асыр сап ойнайтын аса құнды кездің қадірін қалың адам уысынан шыққан соң ғана бағалайтыны өкінішті. Сағымға айналған сәулелі сәттердің сырға толы суреттері көз алдыңа келгенде көкіректегі жұмыр еттің жұмсара кететіні – балалықтың бір құдіреті емес пе?!

«Балдәурен» биыл 5 мыңға жуық бала қабылдайды

Балалардың болашағына баянды бағыт қалыптастырып, олардың келешек өміріне керекті кемел білім мен тәрбиені беру мақсатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Артек» Халықаралық балалар орталығы үлгісінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы құрылған болатын. Бұл – оқу–педагогикалық және сауықтыру істерін ұйымдастырумен айналысатын, сонымен қатар балалардың халықаралық және республикалық мәдени көпшілік, ғылыми-практикалық іс-шараларын өткізетін оқу-сауықтыру орталығы. Мекеме еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі – Бурабай курорты аймағында, Шортан көлінің жағасында орналасқан. Мұнда ауысымның ұзақтығы жаз мезгілдерінде 15 күнді, ал қыс мезгілдерінде 20 күнді құрайды. Балалар үшін қазіргі заман талабына сай бөлмелер және техникалық құралдармен жабдықталған сыныптар бар. Гидромассаждық душ кабиналары, жайлы бөлмелер де осында. Сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары – массаж, су процедуралары, емделу ванналары, сауна, коктейль және қарағайлы таза ауа. Балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі.

«Балдәурен» РОСО РМҚК бас директоры Сержан Төлеметұлы 19 жылдың ішінде аталған орталық білім беру саласындағы орнын қалыптастырғанын атап өтті.

– «Балдәурен» – балаларға сенімділік пен қауіпсіздіктің қамқорлық аралы. Орталықтың қоғамдық маңызы өте жоғары. Біз балалар бойындағы патриоттық сезімін, шығармашылық қабілетін дамытып, әр балаға өзін қоғамда жеке тұлға ретінде сезінуіне ықпал етіп, өмірлік ұстанымдарын айқындауға көмектесеміз. Мұнда қызмет ететін адамдар – кездейсоқ келуші емес, барлығы да баланы және өз ісін шексіз сүйетін жандар. «Балдәуренге» – 19 жыл. Қаншама жыл өтсе де мұндағы пәк тұрғындардың жасы өзгермей, орталық іші қашанда сыңғырлаған күлкіге толы. Әр баланың арманы – орталыққа оралу болса, бұл біздің бірлескен жұмысымыздың жоғары бағасы деп білеміз, – дейді С.Төлеметұлы.

«Балдәуренде» әр бала денсаулығын нығайтуға, шығармашылық, спорттық және дамытушы шараларда өзін көрсетуге, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуға, ескі достарымен кездесуге және жаңа дос табуға мүмкіндік алады. Бала үшін анағұрлым қиын кезең – орталықта болған алғашқы апта. Бұл кезеңде бала жаңа достармен танысады, климатқа, жаңа тәртіпке бейімделеді және ата-ананың көмегінсіз жүруге үйренеді. Бүгінде «Балдәуреннің» Қапшағайда, Түркістанда, Балқашта бөлімшелері жұмыс істеуде. Эпидемиялық ахуалға байланысты биыл орталық және бөлімшелері 5 мыңға жуық бала қабылдайды. Нақтырақ айтсақ, Щучинск қаласында – 1 707, Қапшағай қаласында – 1 250, Балқаш қаласында – 750, Түркістан облысында – 1 500, жалпы 5 207 бала демалады.

 Қауіпсіздік шаралары қатаң қадағаланады

Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» РОСО филиалы 2017 жылдың 20 сәуірінде ашылды. Орталықта жыл бойы 8-9-сынып оқушылары демалады. Жаз айларында балалар Қапшағай су қоймасында шомылып, жағажай ойындарын ойнайды.

Балқаш қаласындағы «Балдәурен» 2019 жылдың 17 маусымынан бастап өз қызметін атқарып келеді. 2021 жылдың жазғы маусымына 5 ауысым өткізу жоспарлануда. Әр ауысымда 155 бала қабылдамақ. Балқаш қаласының орталығы инклюзивті бағытқа ие, ауысым сайын 155 орынның 30%-ы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бөлінеді.

Ал Түркістан облысындағы «Балдәурен» 2018 жылы 15 тамызда құрылды. Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы бекіткен квотасына сәйкес әр ауысымға 260 бала қабылданады. Орталықтың негізгі ерекшелігі – өлкетану және туризмді дамыту.

– 2020 жылы наурыздан, қыркүйекке дейін «Балдәурен» РОСО күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты өз қызметін тоқтатты. Қапшағай қаласы мен Түркістан облысының орталықтары мамырдан қыркүйекке дейін Түркістан облысының Мақтаарал ауданынан су тасқынынан зардап шеккен балаларды қабылдады. «Балдәурен» орталықтары жазғы ауысымдарға дайындық жүргізуде. Ауысымдар барлық санитарлық-гигиеналық жағдайларға сәйкес сақтық шараларын қолданылып өткізіледі. Сонымен қатар орталық базасында жазғы іс-тәжірибеден өтуге Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Семей, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Қарағанды қалалары мен шетелдерден ЖОО студенттері келеді, – деді орталық қызметкерлері.

 500 мыңнан аса оқушы сауықтыру демалысына жіберіледі

Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мыңнан аса оқушы 2021 жылы жазғы каникул кезінде сауықтыру демалысына жіберіледі. Білім және ғылым министрлігі осы жазда 13 мың балалар лагері мен демалыс ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жоспарланғанын хабарлады. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінеді. Егер эпидемиялық жағдай нашарламаса, жазғы демалысқа 1 млн-нан аса оқушы бара алады.

Жазғы сауықтыру науқаны оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден басталады. Бұл ретте балалар лагерьлерін ашу және олардың толымдылығы туралы шешімді өңірлік санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Мұның бәрі өңірлердегі эпидемиялық жағдайға байланысты.

«Санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыс жүргізді, сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескеріледі. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені бақылауға алуы тиіс», деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, жазғы кезеңде олимпиадалық резервтегі жазғы мектептер, тіл мектептері, дебат клубтары және түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жедел әрекет ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Республиканың барлық өңірінде «Қауіпсіз аттракцион» рейдтік іс-шаралары өткізіледі. Бұған қоса, «Балаға лайық» жобасы басталды. Мәселен, жазғы уақытта Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми парақшаларында балалар мен олардың ата-аналары мақұлдаған дәмханалардың, саябақтардың, скверлердің және басқа да объектілердің фотосуреттері орналастырылады.

Сондай-ақ ТЖМ-мен бірлесіп, суда және өрт кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдері әзірленді. Бұл ретте ата-аналардың қырағылық танытып, балаларын үлкендердің қарауынсыз су қоймаларына жібермегені мақұл.