Бүгінде өңірде Тараз қаласын абаттандыру мақсатында «Таразға тарту» жобасы қолға алынып, барлық аудан әкімдіктері қаладағы тиісті орындарды абаттандыруға жауапты болып бекітілген. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, қаладағы құрылыс, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әуелі облыс әкімі Жауғаш батыр көшесінде қайта қалпына келтірілген әмбебап спорт алаңшасының жұмысын барып көрді. Мердігер «Ғимарат Строй Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Жетпісбаевтың айтуынша, спорт алаңы 20 күнде қайта жаңғыртудан өткен. Мұнда кіші футбол, баскетбол және волейбол ойнау үшін барлық жағдай жасалған.
«Қалада көп алаң қайта жаңғыртылды. Бірақ оның көбі бос тұр. Сол үшін спорт басқармасы қала тұрғындарын, жастар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, осындай әмбебап спорт алаңдарында жарыстар ұйымдастыруды қолға алуы тиіс. Кесте жасап, балалардың жазғы каникулда уақытын тиімді өткізуге күш салу керек. Қажет болса, бос тұрған мектептердің спорт залдарын да ашып, жаз уақытында жастардың спортпен шұғылдануы үшін тиімді пайдалануды қарастырған жөн», деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін облыс әкімі Байзақ батыр көшесінің бойындағы жол жөндеу жұмыстарымен де танысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүзеге асып отырған «Таразға тарту» жобасы аясында Қазыбек би көшесіндегі №131 және 133-көпқабатты тұрғын үйлердің көше жақ бетіндегі гүлбақты абаттандыру жұмысы жоспарланған. Ол аумақты абаттандыруға Талас ауданы жауапты болғандықтан, аталған ауданның әкімі Қанатбек Мәдібек құрылыс жұмыстарының басталғалы жатқанын айтып, жоба-жоспарымен бөлісті. Облыс әкімі скверді жасағаннан кейін оның қасындағы көпқабатты тұрғын үйлердің көше жақ қасбетін де әрлеу керек екенін жеткізді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі алдындағы аллеяға қатысты да ұсыныс айтылды. Ал Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы жасанды көл мен амфитеатрды қалпына келтіру жұмыстарын Қордай мен Шу аудандары өз мойындарына алған.
Б.Сапарбаев сондай-ақ Б.Момышұлы көшесі бойындағы жол жөндеу және Б.Момышұлы тұйығындағы жаңа сквердің құрылыс жұмысымен де танысты. Сквердегі құрылыс жұмысын «Наркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестік директоры Дәурен Наржановтың айтуынша, мұндағы 300 метр аумақ абаттандырылады. Сондай-ақ даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевқа арнап ескерткіш-тақта орнату бойынша ұсыныстар қаралып жатқанын жеткізді. Бердібек Сапарбаев бұл көшеге Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру туралы бастама көтерді. Өйткені батыр есімімен аталатын үлкен даңғылдағы екінші рет қайталанып тұрған көше тұйығының өзі де соған сұранып тұрғандай. Қала әкіміне ұзындығы екі шақырымнан асатын көшеге Еңбек Ерінің есімін беру мәселесін зерделеуді тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі дренажды каналының, Айша бибі көшесінің және Үшбұлақ каналының абаттандыру жұмысымен танысып, оған жауапты облыс әкімдігінің басқармаларына құрылыс жұмысын жедел бастауды жүктеді. Жұмыс сапары барысында Б.Сапарбаев «Шөлдала» шағын ауданында бір күн бұрын ашылған әлеуметтік дүкеніне де арнайы ат басын бұрды. Кәсіпкер Патос Талиповтің айтуынша, мұндағы баға базар бағасынан әлдеқайда төмен екен. Мәселен, сүт өнімдері нарық бағасынан 40 теңгеге төмен өткерілуде. Бір күнде мұнда мың тұрғын сауда жасап үлгеріпті. «Мұндағы баға өзге дүкендер мен сауда орталықтарындағы бағаға қарағанда 15-20 пайызға төмен. Бізді осы дүкеннің арзандатылған азық-түлік бағасы қуантып отыр. Ең бастысы – қала сыртындағы шалғай шағын аудан халқына осындай әлеуметтік дүкеннің ашылғаны жақсы болып қалды», дейді аталған шағын аудан тұрғыны Бақыт Омарова.
«Таразға тарту» жобасы аясында осындай жұмыстар жүргізілуде. Қаланың тиісті орындарының абаттандырылуына жауапты аудан әкімдіктері тарапынан да жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Аталған жоба шеңберінде Тараз қаласының сәулеті күн санап артып келеді.