• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Маусым, 2021

Дания саясаткерлерді «тыңдауға» көмектесті

143 рет
көрсетілді

Данияның бар­­­лау қызметі АҚШ Ұлттық қауіп­­сіздік агент­тігіне еуро­палық саясаткерлер туралы ақпарат жинауға көмектескен. Мәлімдеме иелері саясаткерлер тізімінде Германия канцлері Ангела Меркель де бар дейді.

Даниялық Danmarks Radio телекомпаниясы «2012 мен 2014 жыл арасында Дания Қорғаныс және барлау қызметі суасты интернет кабельдері арқылы ақпарат ұрлап, АҚШ агенттігіне жәрдемдесті» деген ақпарат таратты.

Ақпараттық технологиялар маманы Эдвард Сноуден АҚШ 2013 жылы Меркельдің телефонын тыңдауға алды деді. Дегенмен бұл ақпаратты Ақ үй жоққа шығарды.

Ал жақында Danmarks Radio бірқатар еуропалық басылыммен бірге жаңа зерттеу жасап, бірнеше саясаткердің хабарламалары оқылып, телефон әңгімелері тыңдалғанын анықтады. Компания бұл ақпаратты 9 дереккөз растағанын хабарлады.

Дания Қорғаныс министрлігі жауап бермегенімен, 2019 жылға дейін қорғаныс министрі қызметін атқарған Трин Брамсен компанияға өте жақын серіктестердің құрылғыларын жүйелі тыңдап отыру немесе бақылауға алу тыйым салынған ереже екенін айтты. 

Бұл жаңалықты естіген Франция ақпа­рат расталса, серіктестік сетіней­тінін біл­дірді. «Даниялық әріптестеріміздің АҚШ-қа қолдау білдірмегенін, жүйеде қате ке­тіп немесе тағы бір түсініспеушілік бол­­ғаны туралы мәлімдеме күтеміз. Өйт­­кені бұл күдік расталса, бұдан арғы дос­тас­тығымызға күмән бар», деді Фран­цияның Еуропа министрі Клемент Бон.

Бұл мәлімдеме өте қолайсыз уа­қыт­та жасалып отыр. Өйткені алда тран­сатлант серіктестігінің мәселесі талқыланбақ. Екі аптадан кейін АҚШ президенті Джо Байденнің Еуропаға сапарлап келіп, алғаш рет G7 саммитіне қатысуы жоспарланған.