• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2021

Көлік құрастыру мамандары даярланады

266 рет
көрсетілді

Былтыр Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Минниханов Тобыл өңі­ріне жұмыс сапарымен келіп, осында «KamLitKZ» шойын зауыты мен жүк техникаларына ар­налған жетекші белдеме зауы­тының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан еді. Ресми жиында зауыт құрылысының 2-3 жыл ішінде аяқ­талатыны айтылған.

Осы зауыттарда жұ­мыс іс­тей­тін мамандарды оқыту ісі қазірден бастап қолға алынды. Машина жасау саласына қа­жетті сапалы мамандарды даяр­лау үшін Қостанай автожол кол­леджі таңдалып алынып, оқу орнына жайлы жатақхана мен заманауи зертхана салып беру үшін облыс бюджетінен 400 млн теңге қаржы бөлінді.

Сондай-ақ былтыр Қостанай автожол колледжінде «КамАЗ» жобасы аясында «қара металдар металлургиясы», «механикалық өңдеу», «өнеркәсіптегі бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика», «токарлық іс және металл өңдеу», «машина жасау технологиясы», «автомат­тандыру және басқару» сияқты жаңа мамандықтар ашылған. Бұл мамандықтар бойынша биыл бірінші курсты 125 студент тә­мамдап отыр. Колледж директоры Дмитрий Павленконың айтуынша, алдағы оқу жылында тағы 125 студент оқуға қабыл­данбақ.

Өңірде жүзеге асырыла бас­таған ауқымды жобалар аясын­да көлік құрастыру саласына қатысты бес бірдей жаңа ма­мандық ашқан білім ордасына өткен аптада «КамАЗ» ЖАҚ бас директорының бірінші орын­басары Юрий Герасимов ар­найы келіп, оқу орнымен өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. 

– Біз Қостанайдағы «KamLitKZ»­ зауыты мен жетек­ші белдеме зауытының іске қосы­луын асыға күтіп отырмыз. Қа­зір бірлескен жоба кезең-кезеңі­мен уақтылы жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, бұл зауыттарда жұмыс істейтін болашақ мамандар даярлау мәселесін қатар қолға алдық. Машина құрастыру саласының мамандары бізге аса қажет. Біз «КамАЗ» көліктерін шы­ғаратын болсақ, колледж сол көлікті құрастыратын мамандарды даярлайды. Қазір колледж­де 300-ге жуық студент білім алып жатыр. Өз жатақханасы бар. Оның құрылысына 1 млрд 300 млн теңге бағытталып отыр. Яғни жан-жақты қолдау көр­сетіліп жатыр. Мен бүгінгі кол­ледж студенттерінің бір-екі жылдан соң жаңа зауытқа жұ­мыс­қа орналасып, одан әрі кә­сіпорын­ның білікті маманы  болып шығатынына сенім біл­діремін, – деді «КамАЗ» ЖАҚ бас директорының орынбасары.

Қостанайда жаңа салынып жат­қан «KamLitKZ» шойын зауыты мен құрылысының бірін­ші кезеңі биыл қазан айында аяқталады. Зауыт 2023 жылы түбегейлі салынып бітеді деп жос­­парланып отыр. Құны 80 млрд теңге болатын ауқымды жоба іске қосылса, мұнда 300-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Аталған зауытта кейінгі буын­ды «КамАЗ»­ және басқа да ауыр жүк көліктері үшін шойын­­нан құйылған белдеме кар­тер­лері, цилиндр блоктары мен қозғалтқыш цилиндрі блогының бастиектері шыға­рылады. Кәсіпорын өн­ді­рістік қуа­тына толық көшкен соң, мұн­да жылына жалпы көлемі 40 мың тоннадан астам ауыр жүк көліктеріне арналған  шойын қосалқы бөлшек жасалады. Оның 95 пайызын экспортқа жөнелту көзделіп отыр.

 

Қостанай облысы