Цифрлық даму және инновация министрлігі ер адамның неге Ashyq-та 2026 жастағы әйел ретінде көрсетілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Күзетшілер мен әкімшіліктегілер алдында белгілі бір жастағы ер немесе әйел тұрғанын көруі үшін ЖСН-нен басқа Ashyq-қа жас және жыныс фактілері енгізілген болатын. Себебі кейбір тұтынушылар басқа біреудің ЖСН-імен өтпек болған», деді министрліктің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сүйенсек, ЖСН бірегей кодтан тұрады. Алғашқы алты сан – бұл туған күн. Жетінші цифр 3 болса, бұл ХХ ғасырда туған ер адам екенін, ал жетінші сан 4 болса, ХХ ғасырда туған әйелге тиесілі екенін білдіреді.
«Facebook қолданушысына қатысты жағдай оның Қазақстанның резиденті еместігіне байланысты туындады. Ashyq автоматты түрде ЖСН-нен жынысы мен жасын алып тастайды. Сәйкесінше ер адам әйел ретінде көрсетілген», деп түсіндірді мамандар.