Қазақстан шайбалы хоккей федерациясы шайбалы хоккейден № 10 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебін үздік деп атап, тиісті марапатты табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2020-2021 жылдардағы балалар мен жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында елордалық спорт мектебінің тәрбиеленушілері үш алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Бұл жалпы командалық есепте бірінші орын алуына мүмкіндік берді.
Марапатты мектеп директоры Талғат Китаровқа шайбалы хоккейден Қазақстан федерациясының өкілі Рустам Ибраев табыстады.
«Мектеп қызметкерлерін, барлық жаттықтырушылар құрамын, тәрбиеленушілерімізді, ата-аналарды «Шайбалы хоккейден Қазақстандағы үздік мектеп» атағымен құттықтағым келеді. Бұл жеңіске әркім өз үлесін қосты. Құттықтаймын! Бәріңізге рахмет!», деп атап өтті спорт мектебінің директоры.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "шайбалы хоккейден №10 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі" КММ 2002 жылдың қаңтарында ашылған болатын. Бүгінде мұнда 600-ге жуық бала тегін оқиды.