Финляндияда өткен аптада қызық оқиға болды. Ел премьер-министрі Санна Мариннің таңғы асқа жұмсаған шығыны халық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Еуропа үшін шенеуніктердің бюджет ақшасын қалай пайдаланғанын қадағалау – қалыпты жағдай.
Мәселенің бәрі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында премьер-министрдің ресми резиденциясында таңғы асқа жұмсалатын шығын бірден өсіп кеткені туралы мәлімет тарағаннан басталды.
Күнделікті шығатын Iltalehti басылымының хабарлауынша, тек таңғы асқа Санна Марин айына 850 еуро жұмсайды екен. Бұл шамамен 445 мың теңгеге жуық. Бұған дейін резиденциядағы таңғы ас шығыны шамамен айына 300 еуро болған. Басылым шығынның мұншалықты өсіп кеткеніне таңғалып, Санна ханымның әрекеті қаншалықты заңға сай деген сауал тастайды.
Iltalehti таратқан ақпаратты премьер-министрдің кеңсесі де растады. Соған сәйкес 2020 жылғы қаңтардан 2021 мамыр аралығында ресми резиденцияға түнегенде С.Маринді бір рет тамақтандыруға жұмсалған қаражат 14 363 еуро 20 центті құраған. Осылайша, айына шамамен 845 еуро кеткен екен. Премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдеге сүйенсек, бұған таңғы ас пен тіскебасар берілген.
Ал Санна Мариннің өзі ешқандай заң бұзбағанын, құзыретін артық пайдаланбағанын айтып отыр. Оның сөзіне сенсек, 2019 жылы премьер-министрлік міндетіне кіріскенде уәде етілген қызметтерді ғана пайдаланған.
«Әрине, бұған қатысты ештеңе білмеймін. Өйткені таңғы асқа бөлінетін қаражатқа қатысты заң бұзушылық болған емес», деді ол Финляндия телеарналарының біріне берген сұхбатында. Сондай-ақ ол бұған дейінгі премьер-министрлер де таңғы ас ақысын пайдаланғанын атап өтіп, мәселенің анық-қанығын нақтылау қажет екенін жеткізді.
Осыған байланысты Хельсинки қаласының полиция қызметі іс ашатынын, қаншалықты заң бұзылғанын анықтайтынын хабарлады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, мәселе премьер-министрдің өзінде емес, кеңсе қызметкерлеріне қатысты болуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар Санна Мариннің қызметінен кетуі екіталай екенін айтып отыр.
Финляндияда туындаған дау жайлы оқып отырып таңғаласың. Былай қарасаң, премьер-министр «түйені түгімен» жұтқан жоқ. Заң аясында қарастырылған таңғы асын ғана ішеді. Қысқасы, бюджет қаражатын босқа шашпаған.
Оның үстіне, Скандинавия елінде шенеуніктердің бюджет қаржысын пайдалануына қатысты жанжал бірінші рет болып отырған жоқ. Былтыр Финляндияның қаржы министрі Катри Кулмуни медиатренингке қатысу үшін бюджет қаражатын жұмсағаны талқыға түскен соң, қызметінен кеткен еді.
Сол жолы да шашау шыққан тиын жоқ. Бәрі тиесілі жеріне жеткен. Бірақ биліктің жұмсаған әр тиынынан хабардар Финляндия қоғамы үшін бұл маңызды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Скандинавия елі сыбайлас жемқорлықты жеңген мемлекеттер қатарында. Оның үстіне, елді басқаруға атсалысып жүргендердің көбі – кілең жастар. Мәселен, үкімет басшысы Санна Марин 36 жаста. Жоғарыда аты аталған Катри Кулмуни 34-те. Премьер-министрдің орынбасары Анника Саарико 38-де, ішкі істер министрі Мариа Оисало 36-да, білім министрі Ли Андерссон 34 жаста.
Сондықтан шығар, аталған ел әлемдегі бақуатты да бақытты ел саналады. Мәселен, БҰҰ әзірлеген «Әлемдегі бақыт зерттеуінде» Финляндия қатарынан төртінші жыл шартараптағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мекен» атанып отыр. Зерттеуді жүргізгендер жер-жаһандағы 149 елдің азаматтарына сауалнама жүргізіп, бақыт деңгейін бағалауды сұраған.
Айтпақшы, аталған зерттеуде Қазақстан туралы да мәлімет бар. Сауалнама бойынша «тоғызыншы территорияны» мекендеген ел 36-сатыға жайғасқан. Яғни бұл – халықтың бақыт жөніндегі пікірі. Бірақ әлеуметтік қамтамасыз ету, жеке бас бостандығы, ішкі жалпы өнім көлемі мен сыбайлас жемқорлық мәселелерін ескере келгенде, еліміз 45-орынға сырғыған. Осындайда фин қоғамы министрлердің таңғы асқа жұмсаған болмашы қаржысын талқылағанына қарап отырып, еліміздегі кей шенеуніктердің «бүйені бүгімен, түйені түгімен» жұтып жүргені еріксіз еске түседі. Заңның үстемдігін орнатпайынша, фин достардың деңгейіне жетуіміз екіталай-ау...