Ақмолалық еріктілер елеулі іс тындырып жүр. Кейінгі бір аптаның ішінде ғана әлеуметтік жәрдемді қажет ететін көңілі жүдеу жандарды жүрек жылуымен жылытқан 45 ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Осылайша, 79 жалғызбасты адам мен 40 көпбалалы отбасыға көп-көрім көмек көрсетілді.
Алдымен облыстағы ет жүрегі елім деп елжіреп тұрған еріктілер тобының «Киелі табиғат» акциясына жұмыла атсалысқандығын айта кетуіміз керек. Белсенділердің бағалы бастамасы өз замандастары тарапынан қызу қолдау тапты. Табиғатты аялайтын, туған жерін құрметтеп, қастерлей білетін жас ұрпақ қаулап өсіп келе жатыр екен. Аға буын өз өкшесін басып келе жатқан өрендердің жақсылықты меңзеген жарасымды шаруасын көздерімен көріп, көңілдерін тоғайтты. 500-ден астам ерікті бел буып іске кіріскен соң жұмыстың да алдарынан үркіп отыратыны белгілі. Өйткені ынта бар, ықылас мол. Облыстың елді мекендеріндегі парктер мен алаңқайлар мұнтаздай тазартылып, өзен-көлдердің жағалаулары қыс бойы жиналып қалған қоқыстан арылды, бұлақ көздері ашылды.
Осы бір оңынан оралған шаруаны көрген жалпы жастар қауымы табиғатты аялай білу керектігін, оның айдай аппақ жүзіне пендешілікпен кіреуке түсіруге болмайтынын көкіректеріне тоқыды. Акция барысындағы ат басындай олжа да осы деп ұғынсақ, артықтығы болмас.
Еріктілер тобы өздері ғана емес, жалпақ жұртты жақсылыққа бағыттау үшін «Киелі табиғат» челленджін ұйымдастырды. Жастардың жалынды ісінен облыс тұрғындары құлақтанып, ортақ іске бір кісідей жұмылып, өздері мекен еткен ауыл-аймақтың ажарын келтіруге үлес қосты. Демек туған табиғатымызды аялауға атсалысқан әуел бастағы ат төбеліндей аз ғана топ кейін ізетті ісімен барша жұртты ізгілікті, сауапты шаруаға жұмылдыра алды.
Қайырымды істер қанаты кеңге жайылып келеді. Облыс «қызыл аймақ» қатарынан шыға алмай тұрған осы бір тұста адамдардың бір-біріне деген кеңпейіл, ақ ниеті бірлікті бекемдей түскендей. Облыс орталығындағы «Доброе сердце. Lider.kz» қоғамдық қоры Риддер қаласындағы өрттің салдарынан шығынға ұшыраған адамдарға көмек көрсету мақсатында 500 мың теңге қаражат жинады. Бұл арада қаржы ғана емес, бастарына күн туған адамдарға көмектессем деген көңілдің нұры қымбат еді.
Бурабай ауданында да қызыл жалынның зардабына душар болғандарға жәрдемдесу мақсатында киім-кешек, оқу құралдары, азық-түлік жиналды. Аудан тұрғындары тәп-тәуір қаражатпен де көмек көрсетті. Осы бір жан-жүрегіңді қоламтаның шоғындай маздататын іс-әрекет ел бірлігінің бекемдігін аңғартса керек. Бурабайлықтар Риддер қаласының тұрғындарына көмек көрсетумен қатар, аудандағы жалғызілікті жандарға жанашырлық жасауды да ұмытқан жоқ. Аудан еріктілері әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасыға азық-түлік таратып, бір жалғызілікті әжейдің тұрғын үйінің шатырын жауып берді.
Жақсылықтың, жанашырлықтың қанша айтсақ та көптік етпейтінін қаперге ала отырып, Егіндікөл ауданы еріктілерінің ісін де тілге тиек етудің артықтығы болмас. Мұндағы еріктілер тобы елді мекендерді абаттандырумен қатар, Бектемір сопы мазарының маңын тазалап, жел мен жауынның әсерінен өңі оңған көне ескерткішті сылап-сырлап, жөнге келтіріп қойды. Аудан орталығындағы мәдениет үйінің маңындағы балалар алаңын да құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтындыра жөндеді. Жадыраған жаз айында Егіндікөлдің ббалдырғандары осы алаңда алаңсыз ойнап, дем алатын болады.
Бағалы бастаманы Ерейментау еріктілері де іліп әкетіп, қолдан келгендерінше жалғызілікті және көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек қолын созды.
Осындай оңды іс шалғайдағы Жақсы ауданында да жалғасты. Жақсының жақсы тілеулі еріктілер тобы алдын ала жасалған тізім бойынша көмекті қажет ететін отбасыларда болып, олардың тілектерін орындады. Әрине, бұл арада мұқтаж жандар көп деген ой туындамаса керек. Ең бастысы, адамдардың бір-біріне деген ақ көңіл, адал ниеті. Осындай шарапатты шаруа адамның сенімін арттыра түседі. Қиындықтың құрсауында жалғыз қалмайтындығын, қолтығынан демейтін, қажет кезінде қамқор болатын етене жақын ел-жұрты бар екендігін сезінудің өзі көңілге дем береді емес пе?! Бәлкім, еріктілердің есті іс-әрекетінің ең маңызды мәні де осы шығар.
Шалғайдағы Жарқайың ауданында жақсылыққа тәмам ел сүйсінетін шаруалар атқарылып жатыр. Жергілікті еріктілер аудандағы отыздан астам көмек қажет ететін отбасыларда болып, азық-түлік себеттерін таратты. Олар болса амандық білгендеріңнің өзі қанаттандырды деп разы болды.
Сәтімен сабақталған іс Зеренді ауданында да кең өріс алды. Зеренділік еріктілер мамырдың 15-і күніне дейін Риддер қаласында үйлерін өрт шалған отбасыларға қаражат жинады. Тек қаражат қана емес, шаруашылық тауарлары, күнделікті қолданатын заттар, азық-түлік жиналып, жөнелтілді. Жастар Зеренді ауылындағы Райхан Ташееваның тұрғын үйін жөндеп беруге де көмектесті.
Жанашыр жастардың жарқын істері жер-жерде жаппай өріс алып, өнегелі үрдіске айналып, аймақ ажарын адамгершілік нұрымен көркейте түсіп отыр. Кісінің күні кісімен ататын уақытта кейінгі толқынның көкірегінде ізгілік оты маздай жанып, мұқтаж жандардың жүздерін жадыратып қана қоймай, жалпақ жұртты қауымдастыратын, ізетті іске жұмылдыратын осындай иманды шаруалардың алға басып тұрғаны қандай жақсы?!
Ақмола облысы