Гүлмира Әмірханқызы Қанай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры болды. Оқу орнының жаңа басшысын ұжымға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы ҚызПУ-дың баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлайды. Білім және ғылым министрі оқу орнының жаңа басшысына университетті дамыту жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті жастарды мемлекетті басқару ісіне тарту мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз Мемлекет басшысының саясатын, соның ішінде білім беру жүйесіне жаңа көшбасшыларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастырып келеміз. Жаңа көшбасшылар - өз елін, жерін сүйетін патриоттардан құралған жас ұрпақ. Көбінің халықаралық тәжірибесі бар, олар - кәсіби ортада кеңінен танымал және маман ретінде қалыптасқан тұлғалар. Тек соңғы бірнеше айдың ішінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары болып әлеуеті зор, тәжірибесі мол көшбасшылар тағайындалды. Соның бірі - Гүлмира Әмірханқызы. Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосады деп ойлаймыз. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр», деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, Гүлмира Әмірханқызы Қанай 1986 жылғы 12 қаңтарда Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген.
2007 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің бакалавриатын «Лингвист: ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бағамен тәмамдаған.
2009 жылы аталған жоғары оқу орнының магистратурасын «Аударма ісі» мамандығы бойынша үздік бағамен бітірген.
Гүлмира Қанай - Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
2011 жылы Ұлыбританияның Уорвик университетінің магистратурасын «Білім беру саласындағы басқару» мамандығы бойынша, 2019 жылы Кембридж Университеті Білім беру факультетінің докторантурасын үздік тәмамдаған.
Ғылыми дәрежесі - PhD. Кембридж Университеті және Назарбаев Университеті сынды жетекші оқу орындарында еңбек еткен.
Айта кетейік, Басқарма төрағасы - ректор екі ашық конкурс негізінде іріктеледі.
Республикалық конкурстық комиссия құрамында Парламент депутаттары, кәсіподақ пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.