• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

ЖАЗА. ӘДІЛДІК. АЛҒЫС

720 рет
көрсетілді

Адам тағдыры күр­меуі мол, шешуі қиын күрделі нәрсе ғой. “Пә­ленің екі көзі жоқ қарма­лап табады”, “Жамандық жаныңда, жақсылық алыста” деген халық мәтелдері бар емес пе. Осы сөздердің шындық­тан ауылы алыс емес екен. Мұны айтып отырғаным, 2007 жылдың 20 қаңтарында жиырма жылдай жұртшылықпен жұмыс істеп, ел сенімін ақтап, халық құр­метіне бөленіп жүрген балам Әбу­сағит аяқ астынан күдікті атанды. Сөйтіп арты қылмысты деп таны­лып, 5 жылға бас бос­тан­дығынан айырылды. Тергеуші­лер 9 ай тер­геп, істі 2007 жылдың қазан айын­да Қостанай облыстық Жітіқара ауданының халық сотына өткізді. Ол сот мәжілісін 3 ай өткізіп, тағылған айыппен белгіленген бап бойынша жаза тағайындалды. Іс – жекеменшік үйін бұзуға, оның материалын растап берген анықтама. Сол үшін 10 мың теңге пара алды дейді. Жаралған ­пен­­де­нің күнәдан аманы жоқ. Оның алу ойында болды ма, болмады ма, мұны бір Алла біледі. Айтылмыш ақша ұлымның бойынан емес, үстел үстіндегі газет арасынан табы­лыпты. Тергеуде солай анықталған. Осы іс Қостанай облыстық соты­ның екі сатысында да өзгермей бекіді. Адамды жазалауға болады, бірақ қылмысына сай бап бермей, жалған баппен жазалау заңды бұзу, адам құқығын қорлау, деп Жоғар­ғы Сотқа шағымдандық. Олар да істі алып, зерттеп, жазаны дұрыс деп,істі өзгеріссіз қалдырды. Амал жоқ, әділдік іздеп респуб­ликалық Прокуратураға шағым түсір­дік. Оны қараған Бас Прокурор­дың орынбасары істі өзгеріссіз қалдырды. Сөйтіп жоғарғы сатыдағы орын­дар тергеуші мен қалалық соттың жігін кіріктіріп жазған шешімдерін оқып, істі өзгеріссіз қалдыра берді. Осындай кедергілерге кездескен қорғаушы Асанова екеуміз шағымды қайта дайындап, 2009 жылдың жел­тоқсан айында республиканың Бас прокуроры Қайрат Мәмидің жеке қабылдауын өтіндік. 2007 жылдың қазанынан 2009 жылдың желтоқ­са­нына дейінгі заң орындарына кіріп­тар болғаныма көңілімде үлкен қаяу, ренжу қалған-ды. Алайда сол айда Бас Прокуратураның азаматтарды қабылдау бөлімінде кезекшілік жасайтын екі қызметкер Ба­қытжан Сыз­дықов пен Тәукен Қа­йырлының келген адам­дарды сы­пайы қабыл­дауы, оларға ерінбей түсі­нік беріп, жұ­мыс жа­сауы көңілі­мізді көтеріп, заң орнына деген рені­ші­мізді басты. Респуб­ли­када түрлі қыл­­­мыстар жетерлік, әділ­дік із­де­ген адам­дар да көп. Торда та­рыққандар бар, олар үшін зарыққан әке-шеше, бауыр, жар мен бала бар. Міне, солар ілтипат пен көңілге зәру. Әрбір түсінік пен бағыт олар үшін дәру. Оны басынан кеш­кен жан ғана біледі. Бас Прокурордың қабылдауына кіру үшін құжаттар дайындау кезінде күнделікті қабылдауға келген үлкен-кішілі, әртүрлі ұлт өкілдерін көрдім. Олар қай тілде түсінік алғысы келсе, Тәукен мен Бақытжан ерінбей сол тіл­де егжей-тегжейлі түсінік беріп отыр­­ды. Қоғамдық орындардың әр­бір қызметкерлері осы азаматтар се­кіл­ді жұмыс істесе, халық пен билік арасы кірігіп, ел сенімі артар еді. Хош, сонымен не керек, 2010 жылдың 11 қаңтарында Бас Про­курор Қайрат Мәмидің қабылдауына кіретін болдық. Бақытжан Сыздықов пен өзге де көмекшілер бізге кеңес­терін беріп, жоғарыға көтерді. Қабыл­дауда жиырма шақты адам болды. Әртүрлі істер. Олар бір-біріне сәттілік тілейді. Қуанып шыққан­дарды көмекшілер мен қызметкерлер де бөлісіп, көңіл бөліп жатыр. Кезегіміз келіп Бас Прокурор Қайрат Мәмидің қабылдауына кірдік. Ол кісі бізбен сыпайы амандасып, ісімізді сұрады. Алдымен қорғаушы заңдық тұрғыда шағымды оқыды. “Әдейі келдіңіз, ақсақал, ойы­ңыз­­ды айтуыңызға болады”, – деді Бас Прокурор. Мен ойым мен тіле­гімді айт­тым. Ықыласымен тыңдап: “Қа­рия, елдің жағдайын сіз де түсі­ніп отырсыз. Істі алдырып, зерттеп, әділдігін шешеміз. Хабарын жазбаша береміз”, – деді ол. Шынайы түсі­ніктігіне балам босанып алдыма келгендей қуанып шықтым. “Ақсақал әлі-ақ қуанасыз”, – деп қызмет­керлер де ықылас білдірді. Бас Прокурордың наразы­лығы бойынша іс Жоғарғы Сотта 2010 жылғы 16 наурызда Коллегияның төрағасы А.А.Қа­сымов, құрамы: О.С.Қожабаев, Д.Д.Нұра­лин, Н.К.Сингалиева, К.А.Шау­харов, О.С.Қарабаев, қорғаушы Д.С.Асанова және менің қатысуым­мен қаралды. Олар бар мәселені байыппен талдап, өздерінің әділеттілігін көр­сетіп, біздің ойымызды еркін айтуы­мызға мүмкіндік берді. Адамгер­ші­ліктері мол заңгерлер екенін танытты. Бас Прокурордың наразылығы негізінде тағылған айыпты (статьяны) өзгертіп, жазаны шектеп, баламды осыған дейін отырған мерзімімен босатуға шешім шығарды. Екі жылдан астам шешімі табылмаған іс шешіліп, әділеттік жасаған Бас Прокуратура мен Жоғарғы Соттың іс қараған сот алқасына риза болдым. Біз, Қазақстан халқы, елімізде әді­леттік болғанын, жазаның да тәрбиелік жағынан басым болға­нын қалаймыз. Заңның сақталуы да қажеттілік. Мен отбасымның және ұрпақ­тарым­ның атынан еліміз Бас Про­ку­роры Қайрат Мәмиге ерекше ал­ғыс айтамын және осы меке­ме­нің қызметкерлері: Қайыр­лы мен Ба­қыт­жан Сыздықовқа, Т.А.Қара­баевқа, Жоғарғы Соттың судья­лары: А.А.Қа­­сымовқа, О.С.Қожа­баевқа, Д.Д.Нұра­линге, Н.К.Син­га­­лиеваға, К.А.Шау­харовқа шы­найы, ақсақал­дық алғысымды біл­діремін. Оларға деген тілегім: “Әділеттіктің жан­күйері бо­лып, ел алғысына бөленсін. Кейінгі ұрпақ­тың ақ жолының ие­лері болып, халық қамқоршылары атан­сын. “Елін сүйетін азаматы бол­са, елі бақытты, азаматына тілек­ші елі болса, азаматы бақытты”, деген. Алла екі жағымызға да бақыт берсін!” Мұхтар қажы ҚОДЕНҰЛЫ, еңбек ардагері. Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амантоғай ауылы.