Биылдан бастап зейнетақы қоры салымшыларының өз жинақтарын жеке басқарушы компанияларға беру құқығы пайда болғаны белгілі. Әрине, жинақты БЖЗҚ шотында да сақтап, сол жерде де инвестициялық табыс көруге болады. Бірақ Үкіметтің жеке компанияларды да бұл іске тектен-текке араластырып отырмағаны белгілі. Өз кезегінде олар да барынша табысты еселейтінін, тіпті БЖЗҚ-ға қарағанда екі-үш есе жоғары кірістілік алып келетінін айтуда.
Қор дерегі бойынша әзірге ең жоғары табыстылық – Jýsan Invest АҚ еншісінде. Бұл акционерлік қоғамның сенімгерлік басқаруында 1,2 млрд теңге жатыр. Бір айдағы өсім 83,31 пайызды көрсеткен. Зейнетақы жинағы портфеліндегі негізгі үлесті Exchange Traded Funds бағалы қағаздары алып отыр – 46,36 пайыз. Жыл бойғы есептелген инвестициялық табыс мөлшері 30,24 млн теңгені құраса, соның 25,37 млн-ы – бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табыс. Зейнетақы активтерінің табыстылығы 3,69 пайызға жеткен.
Ал BCC Invest АҚ басқаруында 540,5 млн теңге бар. Портфельдің 28,34 пайызын ETF паиы құрайды. Есептелген инвестициялық табыс мөлшері 5,02 млн теңге шамасында. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,26 пайызға бағаланған. Есептелген инвестициялық табыстың басым бөлігі кері репо операциялары бойынша сыйақыдан және шетел валютасын қайта бағалаудан түскен.
Тағы бір жеке басқарушы компания – Сентрас Секьюритиз АҚ-да салымшылардың 337,35 млн теңгесі бар. Портфельдегі негізгі үлес Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына тиесілі – 79,31 пайыз. Есептелген инвестициялық табыс мөлшері – 2,64 млн теңге. Бұл компаниядағы зейнетақы активтерінің табыстылығы – 0,87 пайыз.
Halyk Global Markets АҚ өзіне бұйырған 751,17 млн теңгені басқарумен айналысуда. Портфельдің негізін кері репо операциялары құрап тұр. Оның үлесі шамамен 73,42 пайыз көлемінде. 2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық табыс мөлшері – 5,01 млн теңге. Ал зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,8 пайызға тең.
Сәуір айында зейнетақы активтерін кезең-кезеңімен сыртқы басқарушы компанияларға беру шеңберінде шетелдік эмитенттердің жалпы сомасы 14,31 млрд теңгені құрайтын депозитарлық қолхаттары аударылды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында 12,59 трлн теңге көлеміндегі зейнетақы активтері қалған. Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс мөлшері 488,52 млрд теңгені құраған. Ал салымшылардың шотына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 3,8 пайызды құраған, бұл ретте инфляция деңгейі – 2,70 пайыз. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша шынайы табыс 1,1 пайызға тең.