Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының инвестициялық табысы 475 млрд теңгеге жетті. Жалпы, 2021 жылдың 1 мамырындағы ахуал бойынша қор салымшыларының зейнетақы жинағы 12,6 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.
Қаңтар мен мамыр аралығында салымшылар шоттарына 475,8 млрд теңге көлемінде таза инвестициялық табыс түскен. БЖЗҚ хабарлауынша, Ұлттық банктің басқаруымен зейнетақы активтері бойынша кірістілік 3,8, ал инфляция 2,7 пайыз болған. Соңғы 12 айда инфляция 7,0, кірістілік 9,8 пайызды көрсетіпті.
«Салымшылардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер кіреді. Барлық зейнетақы актив – БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,2 трлн теңге болды. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 35,6 пайыз болады», делінген қор хабарламасында.
Елімізде зейнетақы жүйесі жұмыс істей бастаған 1998 жылдан бастап есептер болсақ, таза инвестициялық табыстың 6 трлн теңгеден асқанын байқаймыз. Қордың мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция болып саналғандықтан, инвестициялық табыс мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдау орынды. Күнделікті нарықтық жағдай жиі құбылатындықтан қысқа мерзімді деректер көрсеткіш болып саналмайды.
Еске салайық, әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады.