Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті. Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, Палата спикері Елшіге екі ел қарым-қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті», делінген Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінде.
Палата төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға күш салып, Әзербайжанмен өзара байланыстың ерекше маңыздылығына назар аударатынын айтты.
Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Қазақстанмен стратегиялық серіктес ел ғана емес, бауырлас мемлекет екенін, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін алға тартты.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық салада әріптестік орнатып, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандырып, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастың берік негізі қаланғанына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин мен Рашад Маммадов парламентаралық диалогты нығайту Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.