Дәрі-дәрмекті сатып алу бойынша нозологиялар тізімі үш есе өсті. Бұған кепілдендірілген медициналық көмек пен әлеуметтік сақтандыру сеп болды. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты.
Бірыңғай дистрибьютор 2019 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 45 нозология бойынша (ТМККК шеңберінде) дәрі-дәрмек сатып алды. Бұл 114 млрд теңгеден астам соманы құрады. Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС шеңберінде 27,2 млрд теңге сомасына 105 және 130,3 млрд теңге сомасына 32 нозология енгізілді. Осылайша, ТМККК және МӘМС шеңберінде нозологияларды қамту 3 есеге кеңейтілді.
«ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде 2021 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 439 түрі сатып алынады. Оның ішінде бірыңғай дистрибьютор тізіміндегі барлық позиция стационарлық көмек көрсетуге арналған. Бірыңғай дистрибьютор амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2 млн-нан аса қазақстандықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 662 түрін сатып алады. Жалпы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС енгізілуімен 700 мыңға жуық сақтандырылған тұрғынды амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол жеткізілді», деді Е.Есқалиев.
«СҚ-Фармация» дәрі-дәрмек жеткізумен байланысты мәселелерді шешіп, Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында екі айлық азаймайтын қорды қамтамасыз етті.
«Денсаулық сақтау министрлігі 6,4 млрд теңге сомаға COVID-19 ауруынан емдеу үшін азаймайтын қордағы дәрілердің 38 позициясын бекітті. Осы позициялар бойынша көлем 60 мың пациентті емдеумен қамтуға мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдарда да дәрі-дәрмек жеткілікті. Өткен жылдан бастап еліміздің медициналық ұйымдарына COVID-19 ауруын емдеу хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмек үздіксіз жөнелтілуде, бұл – 91 позиция. Осы атаулар бойынша қалдық жыл басында 9,1 млрд теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бастап ауруханаларға 8,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жіберілді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тізбесі 5 атауға («Парацетамол» және «Ибупрофен» ыстықты түсіретін препараттар, антикоагулянттар) кеңейтілді. 2021 жылғы кезеңде республика емханаларына 2 млрд теңгеге аталған дәрі-дәрмектер жөнелтілді. Сонымен қатар тұрғындарға рецепт бойынша 500 млн теңгенің дәрі-дәрмегі берілді», деді «СҚ-Фармация» басшысы.
Сондай-ақ ол коронавирусқа қарсы вакцинаның төрт түрін таңдау мүмкіндігі бар екенін еске салды. «Спутник-V» вакцинасының 10 млн 280 мың дозасы сатып алынды. Оның ішінде биыл 1 ақпаннан бастап өңірлерге бірінші компоненттің 1,9 млн дозасы және екінші компоненттің 14 млн дозасы жөнелтілді. 10 маусымға дейін бірінші компоненттің 1 млн 200 мың дозасын және екінші компоненттің 525 мың дозасын жөнелту аяқталады.
QazVac вакцинасының 2 млн дозасы сатып алынды. Өңірлерге отандық вакцинаның 100 мың дозасы жеткізілді. Келесі жеткізілім маусым айының соңына дейін жоспарланған. Hayat-Vax-тың 1 млн дозасы сатып алынды және өңірлерге жөнелтілді. Бұдан басқа, Sinovac Biotech компаниясы өндіретін Coronavac вакцинасының 500 мың дозасы сатып алынды. Өңірлерге 12 маусымнан кейін жөнелтіледі.
Е.Есқалиевтің мәліметінше, бүгінде өңірлерге COVID-19 вакцинасының 4 млн 400 дозасы жеткізілген. Вакциналарды аймақтарға бөлу Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.