Пәкістанда екі жүрдек пойыз соқтығысып, кемі 30 адам қаза тауып, жүзден астам жолаушы жарақат алды. Millat Express және Sir Syed Express компанияларына тиесілі пойыздар елдің оңтүстігіндегі Синдх провинциясы маңында соқтығысқан.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, жарақаттанғандар мен қаза тапқандарды үйінді астынан шығару әлі жүріп жатыр. Құтқару жұмыстарына таяу маңдағы ауыл тұрғындары да жұмылдырылған. Апат орнына құтқару жұмыстарына қатысу үшін әскерилер де келген.
Millat Express пойызының астында жиырма шақты жолаушы қалған. Синдх провинциясындағы Готки ауданының полиция шерифі Умар Туфайлдың айтуынша, оларды құтқару үшін ауыр техника алдырылмақ.
Готки комиссарының орынбасары Усман Абдулланың сөзіне сүйенсек, Millat Express рельстен шығып кетіп, іле оны Sir Syed Express пойызы келіп соққан. Әзірге рельстен шығып кету мен соқтығысуға не әсер еткені белгісіз.
«Алдымызда тұрған міндет – сынықтардың астында қалған жолаушыларды тез арада құтқару», дейді У.Абдулла. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 30 адам қаза тапқан. Темір жол өкілдері екі пойызда шамамен мыңға жуық жолаушы болғанын айтып отыр. Сондай-ақ аман қалғандарды орналастыру жұмыстары да жүріп жатыр.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жолаушылардың бір бөлігі Millat Express пойызымен үйлену тойына бара жатқан. Бірақ қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың арасында олардың бар-жоғы белгісіз.
Теледидар кадрларында жарақат алған жолаушыларды ауруханаларға жеткізіп жатқан жедел жәрдем машиналары көрсетілген. Пәкістан телеарналарының мәліметінше, апаттан кейін төрт сағат өтсе де ауыр техника оқиға орнына жетпеген.
Пәкістан теміржол қызметі өкілдері тергеуге тапсырыс бергендерін және құтқару жұмыстары әлі жалғаса беретінін айтты. Жарақат алған жолаушылардың кейбіреулері ауруханада ауыр халде жатыр.
Пәкістанда пойыз апаттары жиі кездеседі. Соған қарамастан, билік ескірген сигнал жүйесін жаңартуға, тозған темір жолдарды ауыстыруға көңіл бөлмейді. Мәселен, Пәкістанның оңтүстігінде 1990 жылы жолаушылар толы пойыз жүк пойызына соқтығысып, осы ел тарихындағы ең ауыр теміржол апатында 210 адам қаза тапқан.