Биыл Алматы облысында «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Яғни бұл бағдарлама аймақтағы баспанамен қамту мәселесін оңынан шешуге өз ықпалын тигізіп отырғаны анық. Бұйырса, қолданысқа берілетін 521 ғимараттағы өз пәтеріне 2 603 отбасы қол жеткізеді. Оның ішінде үй зардабын тартып жүрген 1212 көпбалалы отбасы бар.
Бүгінде қарқын алған құрылыс жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде бөлінген қаржы тартылып отыр. Оның көлемі қомақты, 105 млрд теңге шамасында. Бұл қаржыға 1 051 жоба жүзеге асып, 20 мың адамға маусымдық жұмыс орны ашылған. Ал былтыр бұл бағытта 60 мың адам еңбекпен қамтылған болатын.
– Алматы облысында құрылыс саласында карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Сол сияқты біз шағын және орта бизнес нысандарының жабылуы салдарынан орнынан босап қалған көптеген азаматты осы құрылыс саласында жұмыспен қамтыдық. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда, жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Қазір 2 603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынып жатыр, соның ішінде 1 212 пәтерді көпбалалы аналарға береміз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы биыл облыста «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» арнайы бағдарламалары бойынша да 1 986 отбасы жеңілдікпен пәтерлі болады деген үміт бар. Осы тұрғын үймен қамту жайы облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі арқауы болып отыр. Ал даму бағдарламасына қыруар қаражат жұмсалмақ. Яғни алға қойған мақсатты жүзеге асыруға 3,5 трлн теңге қарастырылса, оның 2 трлн 300 млрд теңгесі бюджеттен, ал 1 трлн 200 млрд теңге қаржы жеке инвесторлардан құйылмақ. Әрине бұл қаражатқа өңірдегі жол жөндеу, ауыз сумен қамту, жылумен қамту сияқты негізгі салалардағы мәселелерді шешу де қарастырылған. Соның ішінде 2021-2025 жылдары облыста шамамен 5 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1,1 млн шаршы метр баспана құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске аспақ. Бұл бағдарлама облыстағы баспанаға мұқтаж 3 мыңнан астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған және 5,5 мың шамасындағы көпбалалы отбасын үймен қамтамасыз етуі тиіс.
Бүгінде баспана құрылысы облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүріп жатыр. Мысалға, Сарқан ауданында 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған. Іргетасы былтыр қаланған тұрғын үйді салуға 45 жұмысшы маусымдық жұмысқа тартылып, он шақты техника жұмыс істеуде. Нысанның аяқталу мерзімі жыл соңына жоспарланыпты. Бұл жұмысқа 505,630 млн теңге қаражат бөлінген. Жауапты мердігер Golden City DS серіктестігі нысанды талапқа сай салып, мерзімінде аяқтайды деген үміт бар.
– Жалпы, ауданда бұған дейін 55 тұрғын үй салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілген еді. Осы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие арқылы үй-жайға қол жеткізуіне жол ашылады. Биыл аудан орталығында заманауи үлгіде салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй кешенін қолданысқа береміз, – дейді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Сондай-ақ бұл ауданда тағы да екі қабаттан тұратын 20 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталуда. Аудан орталығындағы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жарияланған. Жаңа баспана салуға жалпы құны 296,53 млн теңге қаржы жұмсалмақ.