• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Маусым, 2021

1 млн шаршы метр баспана – жетісулық құрылысшылар діттеген меже

411 рет
көрсетілді

Биыл Ал­маты облысында «Нұрлы жер» бағдар­­ла­масы­ның шеңберінде 1 млн­ шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Яғни бұл бағдар­­лама аймақтағы баспанамен қамту мәселесін оңы­нан шешуге өз ықпалын тигізіп отырғаны анық. Бұйырса, қолда­нысқа берілетін 521 ғимараттағы өз пәтеріне 2 603 отбасы қол жеткізеді. Оның ішінде үй зардабын тартып жүрген 1212 көпбалалы отбасы бар.

Бүгінде қарқын алған құ­ры­лыс жұмысына «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы» шең­бе­рінде бөлінген қаржы тар­­ты­лып отыр. Оның көлемі қо­­мақты, 105 млрд теңге шамасын­да. Бұл қаржыға 1 051 жоба жү­зеге асып, 20 мың адамға мау­сым­­дық жұмыс орны ашылған. Ал былтыр бұл бағытта 60 мың адам еңбекпен қамтылған бола­тын. 

– Алматы облысында құ­рылыс саласында карантиндік шек­теулерге қарамастан, жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Сол сияқты біз шағын және орта бизнес нысандарының жабылуы салдарынан орнынан босап қалған көптеген азаматты осы құрылыс саласында жұмыспен қамтыдық. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда, жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Қазір 2 603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынып жатыр, соның  ішінде 1 212 пәтерді көпбалалы ана­ларға береміз, – дейді облыс әкімі  Амандық Баталов.

Жалпы биыл облыста «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ  5-10-20» арнайы бағдарламалары бойынша да 1 986 отбасы жеңілдікпен пәтерлі болады деген үміт бар. Осы тұрғын үймен қамту жайы облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі арқауы болып отыр. Ал даму бағдарламасына қыруар қаражат жұмсалмақ. Яғни алға қойған мақсатты жүзеге асыруға 3,5 трлн теңге қарастырылса, оның 2 трлн 300 млрд теңгесі бюджеттен, ал 1 трлн 200 млрд теңге қаржы жеке инвесторлардан құйылмақ. Әрине бұл қаражатқа өңірдегі жол жөндеу, ауыз сумен қамту, жылумен қамту сияқты негізгі салалардағы мәселелерді шешу де қарастырылған. Соның ішінде 2021-2025 жылдары облыста шамамен 5 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1,1 млн шаршы метр баспана құрылысы «Нұрлы  жер» бағдарламасы аясында іске ас­пақ. Бұл бағдарлама облыстағы бас­панаға мұқтаж 3 мыңнан астам әлеу­меттік жағынан аз қамтылған және 5,5 мың шамасындағы көпбалалы отба­сын үймен қамтамасыз етуі тиіс.

Бүгінде баспана құрылысы облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүріп жатыр. Мысалға, Сарқан ауданында 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған. Іргетасы былтыр қаланған тұрғын үйді салуға 45 жұмысшы маусымдық жұмысқа тартылып, он шақты техника жұмыс істеуде. Нысан­ның аяқталу мерзімі жыл со­ңына жос­парланыпты. Бұл жұмысқа 505,630 млн теңге қаражат бөлін­ген. Жауапты мердігер Golden City DS се­ріктестігі нысанды талап­қа сай салып, мер­зімінде аяқ­тайды деген үміт бар.

– Жалпы, ауданда бұған дейін 55 тұрғын үй салынып, баспана кезегінде тұрған аза­мат­тарға берілген еді. Осы ар­қылы тұрғын үй кезегінде тұр­ған азаматтардың әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие арқылы үй-жайға қол жеткізуіне жол ашылады. Биыл аудан орталығында заманауи үлгіде салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй кешенін қолданысқа береміз, – дейді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.

Сондай-ақ бұл ауданда та­ғы да екі қабаттан тұратын 20 пәтер­лі тұрғын үй құрылысы бас­­талуда. Аудан орталығындағы құры­лыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жарияланған. Жаңа баспана салуға жалпы құны 296,53 млн теңге қаржы жұм­салмақ.