Отандық ауылшаруашылық техникаларын сатып алған шаруаларға берілетін субсидияның көлемі 30%-ға дейін өсті. Субсидияға қатысты ережеге енгізілген мұндай өзгеріс тек Қазақстанда құрастырылған машиналар мен техника құралдарына ғана қатысты болмақ.
Ал шетелден трактор, комбайн, дәнсепкіш кешен сияқты қымбат техникаларды сатып алған шаруашылықтарға мемлекет бұрынғыдай техника құнының 25%-ын қайтарып береді.
– Бұл түзетулер инвестициялық субсидиялау ережелеріне енгізіліп болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялауға жататын отандық техникалар тізбесін бекітіп, Qoldau.kz жүйесіне орналастырып қойды. Қазақстанда құрастырылған ауылшаруашылық техникаларын сатып алғысы келген фермерлер ЭСҚ арқылы осы порталға кіріп, субсидияға өтінім бере алады, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы АШК бөлімінің бастығы Қайыр Айсин.
Субсидиялау ережелеріндегі өзгерістер фермерлер мен диқандарға ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникаларды құрастыратын жергілікті кәсіпорындарға да қолдау көрсетуге бағытталған. Машина құрастыратын зауыт өкілдерінің сөзінше, елімізде отандық комбайндар мен тракторлар көптеп құрастырылып жатқанымен, бүгінгі таңда субсидияның басым бөлігі шетелге кетіп жатыр. Өйткені шамасы жеткен шаруалар отандық емес, шетелдік техниканы сатып алғысы келіп тұрады. Ал шетелдің трактордың құны Қазақстанда құрастырылған трактордан әлдеқайда қымбат болғандықтан, оған отандық тракторға қарағанда субсидия да бірнеше есе көп төленеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, отандық өнімге берілетін инвестициялық субсидия көлемінің ұлғаюы шаруалардың жергілікті зауыттан шыққан техникаларға деген қызығушылығын арттырады.
Қостанай облысы