Коронавирус пандемиясының экономикаға орасан залал келтіргені бұған дейін де талай айтылды.
Былтыр жыл ортасында мұнай бағасы күрт құлдырап, әлемдік сауда ағыны 8,5 пайызға төмендеп сала берді. Бұл бізге де әсер етті. Елімізде азық-түлік бағасы қымбаттады. Құрылыс материалдары да қалысқан жоқ. Жұмыссыздық деңгейі өсті. Инвестициялық және іскерлік белсенділік те әжептәуір төмендеп қалды. 2021 басталғалы жағдай аз болса да оңалды. Дегенмен көңілде үміт пен күдіктің қатар тұрғаны еш жасырын емес.
Сарапшылар пандемия кезінде туындаған қысылтаяң шақты соңғы онжылдықта болмаған ғаламдық дағдарыс деп бағалапты. Айтса айтқандай-ақ, 2008 бен 2014 жылдардағы дағдарыс кезінде де дәл бұлай абдыраған жоқпыз. Осы жолғының жөні бөлек. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, пандемия кезінде жаһандық инвестиция ағыны 40 пайызға төмендеген.
– 1998 жылғы Азия дағдарысы кезінде Қазақстан экономикасы 1,9 пайызға төмендеді, ал 2007-2009 және 2014-2015 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс уақытында экономикамыз 1,2 пайызға аздаған өсім көрсетті. Былтыр 2,6 пайызға дейін төмендеді. Негізінен тауар өндіретін секторларда 2 пайыз деңгейінде өсім бар. Ал қызмет көрсету саласы жылды 5,6 пайыз минуспен аяқтады. Әсіресе сауда, логистика және туризм салалары қатты зардап шекті. Эпидемиялық жағдайдың тұрақталуы ғана іскерлік белсенділікті қалпына келтіреді. Қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша экономикалық өсім оң көрсеткішке шықты. Ішкі жалпы өнім 2020 жылдың наурызынан бері алғаш рет 0,7 пайыз деңгейге көтерілді, – дейді Т.Жақсылықов.
Экономикалық ахуалды жақсарту үшін мемлекет мүмкін болатын шараларды қабылдайтыны белгілі. Солардың ішінде көлеңкелі экономиканы тежеу де бар. Министрлік дерегінше, 2025 жылға таман көлеңкелі сауда көлемін 15 пайызға қысқарту жоспарда бар. Бұл үшін салық және кеден қызметі белсенді түрде цифрланып, елдегі онлайн төлем көлемі артуы тиіс.
– Ұлттық банк одан әрі қарай инфляциялық таргеттеу саясатын жалғастырып, нәтижесінде жалпы макроэкономикалық тұрақтылық пен экономикалық өсім беріктігіне әсер етпек. Нарықтық механизм негізінде банктік несиелеу аясын кеңейту шаралары қабылданады. Ұлттық банк 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен экономиканы қолдаудан шыға бастайды, –дейді вице-министр.
Әсілінде мемлекеттің экономикадан шығуы тек қана оң нәтиже беруі тиіс. Дамыған елдерде солай. Бұл процестің біздегі түпкі нәтижесі қандай болары әлі белгісіз. COVID-19 салдарынан 2020 жылы ІЖӨ көрсеткіші 2 пайыз болып, ішкі тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайыз, яғни 85 млрд долларға күрт азайып кетті. Экспорт 19,1 пайызға (47 млрд доллар), импорт 4,1 пайызға (38,1 млрд доллар) құлдырады. Пандемияға қарсы шаралардың белсенді қабылдануы және энергетикалық ресурсқа деген сұраныстың азаюы тауар айналымын қысқартуға әсер еткен.
Сонымен қатар пандемиядан шағын және орта бизнес көп залал шекті. Әрине бұл сектордың ІЖӨ-дегі үлесі 30 пайызға да жетпейді. Дегенмен Үкімет дәл осы саланың келешегінен көп үміт күтіп, қазір барлық бағдарламаларды осы сектормен орайластыруда. 2020 жылдың қақ ортасында елімізде 164,3 мың ШОБ компаниялары жұмыс істесе, биыл қаңтарда олардың саны 159,7 мыңға дейін төмендеген. Кәсібін уақытша тоқтата тұрған кәсіпорындар 23 пайызға өскен. Әлбетте мұндай жағдайда мемлекет көмекке келуге мәжбүр. Осы мақсатта былтыр алғашқы жартыжылдықта 6 трлн теңге бөлінген болатын. Мұндай игіліктер биыл да жалғасын таппақ. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, бірінші тоқсанда 663 млрд теңгеге 16 мыңнан астам ШОБ жобасына қолдау жасалған. Жыл қорытындысы бойынша 47 мыңнан астам жобаны жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр екен.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде экономиканың зардап шеккен салалары бойынша кредиттерді жеңілдікпен қайта қаржыландыру мерзімі ұзартылды. Бұл шара 2021 жылдың 1 сәуірі мен 1 шілдесі аралығындағы үш ай мерзімді құрайды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жалпы кредит сомасы 232 млрд теңгеге 5 884 жоба субсидияланды, кредит сомасы 87 млрд теңгеге 6 892 жоба бойынша кепілдік берілді. Аграрлық кредит корпорациясы шеңберінде 5,9 млрд теңге кредит сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді. Биылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспар 60-тан астам жаңа қолдау шарасын көздейді. Бұл бизнеске жүктемені азайту, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдету, сұраныс нарықтарына қол жеткізу және Smart реттеу. Жаңа экономикалық жағдайларда кәсіпкерлік қызметті жандандыру және жеке капиталды тарту үшін барынша қолайлы және ынталандыратын жағдай жасауға бағытталған жаңа реттеуші саясат әзірленуде. Міндетті талаптар тізілімін, эксперименттік құқықтық режімді және мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандарын енгізу, кәсіпкерлік субъектілерінің есептілігін автоматтандыру көзделеді, – деді Ә.Ерғалиев.
Коронавирус – жалғыз жауымыз емес. Пандемия жағадан алғанда, жемқорлық етектен тартып жатты. Жалпы, жемқорлықтың – ел болғалы бізбен бірге жасасып келе жатқан, көненің көзіндей болған, ұлттық тамырымызға сіңіп кете ме, қайтер екен деп қауіп қылған ғадетке айналғалы қашан. Дәл осындай қысылтаяң мезетте елдің несібесіне қол салмаса да болатын еді. Бірақ көршінің өртенген үйіне барып бас-сирақ үйітіп алғысы келгендер біз ойлағаннан да көп болып шықты.
Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ұсынған ашық деректерге сүйенсек, 2020-2021 жылдардағы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру кезінде 55 коррупциялық қылмыс анықталған. Осы 55 қылмыстың өзі-ақ мемлекетке 9,8 млрд теңге көлемінде шығын келтірген. Агенттіктің хабарлауынша, коронадағдарыс кезіндегі ірі жемқорлық даулары негізінен денсаулық сақтау (18 қылмыс), білім (4) және жергілікті атқарушы орган бөлімдеріне (14) тиесілі екен. Әсіресе мемлекет қаржысына көз тіккендер жер-жерде инфекциялық ауруханалар салу ісін майшелпекке айналдырған. Президенттің өзі коррупция мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырған. «Бірінші толқын кезінде біз жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Медициналық маска мен дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап кетті, блок-бекеттерде өрескел заң бұзушылықтар орын алды, дәрігерлерге төлем тағайындау кезінде жемқорлыққа жол берілді. Сондай-ақ тексеруші органдар, яғни әкімдік, полиция, мониторингтік топтардың жұмыс сапасы да ерекше назар аударуды талап етеді», деп қатаң тапсырма берген еді.
Пандемия мен экономика жекпе-жегі кезінде жемқорлықтың өршуі, әрине індеттің басым түсуіне мүмкіндік сыйлайды. Халықаралық Transparency International (TI) ұйымы жарияланған жемқорлық индексі рейтингінде Қазақстан 19 позицияға жоғарылапты. Соған қарамастан, жемқорлыққа бейім елдер қатарында қалып отыр. Дәл қазір Эфиопия, Шри-Ланка, Перу, Суринам, Танзания елдерімен «тереземіз тең». Еліміз мүмкін болатын 100 ұпайдың 38-ін жинаған және осы көрсеткіштің өзіне алғаш рет жеткен. Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы «жемқор және авторитар» басшылар пандемияны мемлекеттік шығыстарға бақылауды әлсірету үшін пайдаланды деп есептейді.
Еуразиялық даму банкінің есебінше, ЕАЭО елдерінің ішінде пандемиямен күреске ІЖӨ-нің ең көп үлесін жұмсаған ел Қазақстан екен. Қолдан жасалған дәрі тапшылығы мен ірі сауда орындарының айлап есігін ашпауы шығынды еселеп арттырғаны рас. 2020 жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет тапшылығы 4 пайызды құрады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы ішкі қор нарығы есебінен бюджеттің жыртығын жамау көзделіп отыр. Соның арқасында ішкі нарыққа шетелдік инвесторларды тарта аламыз дейді.
Ал былтыр ШОБ-ты қолдауға бөлінген 600 млрд теңге банктер арқылы жылдық 8 пайыздық ставкамен таратылды. Жыл соңында 170 млрд теңгенің тағы да қосылғаны бар. Айтайын дегеніміз – дәл осы қолдау шарасынан ШОБ-ты қайдам, бірақ банктер әжептәуір пайда көрді. Еңсе тіктеп қана қоймай, бұрынғы жиған-тергенін еселеп алды. Мысалы, жоғарыдағы соманың 180 миллиарды Halyk Bank арқылы берілді. Банк 369,7 млрд теңгеге несие төлемін кейінге шегеру көмегін де ұсынды. Жыл соңында қаржы институтының таза табысы 3,6 млрд теңгеге құлдырап, табыс әкелген актив көлемі 632 млрд-қа жеткен. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына тағы 11 банк қатысты. Жыл қорытындысында елдегі 26 банктің 14-і несие беру белсенділігін сақтап қалған. Сонымен қатар құрылыс секторы да пандемияның пайдасын көрді. Әлеуметтік тұрғын үй салу мен баспананы несиелеуге миллиард доллар бөлінген. Нәтижесінде, құрылыс секторы 11,2 пайызға өсім көрсетті. 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бұл межені 18 млн шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Биылдан бастап зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі де ұсынылды. Әрине баспана бағасы мен құрылыс материалдарының қымбаттағанын көз көріп отыр. Дегенмен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі Қазақстанның әлемдік ипотекаға қолжетімділік рейтингінде 109 елдің ішінде 74-орынға тұрақтауына жол ашты.
Үкімет болжамына қарасақ, қазіргі дағдарыстан шығып қана қоймай, алдағы бес жылда экономикадағы мемлекет рөлін өзгертіп, артық проблемалардан арылған елге айналмақпыз. Ұлттық экономика министрлігінің ақпарынша, 2026 жылға таман жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14 мың долларға жетуі мүмкін. Олардың есептеуінше банктерде несие берудің орташа жылдық өсу қарқыны 8 пайыз деңгейінде болжануда, номиналды мәнде бес жыл ішінде 22,5 трлн теңгеге дейін өседі. Бұл уақытта резиденттердің депозиті 35,5 трлн теңгеге ұлғайып, инфляция 3-4 пайыз деңгейінде тұрақтамақ.
Алайда экономиканы қалпына келтіру мақсатында үлкен көлемде қаржыландырудың жүзеге асуы республикалық бюджетті тапшылыққа ұрындыруы да ықтимал. Республикалық бюджет тапшылығы 2022 жылғы 2,5 трлн теңгеден 2026 жылға қарай 2,6 трлн теңгеге дейін өседі деп болжануда. Соған орай мемлекеттік қарыздың да көлемі өспек. Мемлекеттік қарыз 2022 жылы 27,2 трлн теңгеден 2026 жылы 37,5 трлн теңгеге дейін, үкіметтік қарыз 2022 жылы 21,7 трлн теңгеден 2026 жылы 32 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деген қауіп бар. Мемлекеттік қарыз сомасының көбеюі қарызға қызмет көрсетуге кететін шығынды да ұлғайтады. Бұл өз кезегінде ел бюджетіне салмақ түсіреді. Біраз уақыт бұрын осы мәселені Мәжіліс депутаты Дания Еспаева көтеріп еді. Оның айтуынша, жоғарыдағы цифрлар арқылы Ұлттық қор ресурстарын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген бюджетке қарыз жүктемесінің шегі (15 пайыз) қатаң бұзылмақ. Депутат сөзінің жаны бар. Тұжырымдамада «Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар республикалық бюджет кірістерінің 15 пайызынан аспауы тиіс» деп атап көрсетілген.