Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Маусымның 12-сінде Батыс Қазақстан облысына келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен бірге өңірдегі бірқатар нысанды аралады.
Еі әуелі биыл мамыр айында жеке басқарушы компаниядан коммуналдық меншікке берілген «Батыс Қазақстан АЭК» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты.
Вице-премьер одан кейін Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы аумағын аралады. Мұнда ол «Болашақ Т» компаниясының үй құрылысы комбинатын көрді. Осы жерде үкімет басшысының орынбасары білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін шағын жинақталған мектептердің Үлгілік жобасымен танысты.
Осы сапар аясында үкіметтік делегация Самара-Шымкент республикалық маңызы бар автожолының учаскесіндегі «Сырым» өткізу пунктінде болды. Шекарадағы бұл бекетте инспекциялық-тексеру кешенін жаңғырту және орнату туралы шешім қабылданған болатын. Мұндай кешен автомобильдердегі жүктерді жылдам сканерлеуге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысында Роман Скляр жүргізіліп жатқан жұмыстардың өңір тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, облыс басшылығына олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Батыс Қазақстан