Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасына Қарусыздану жөніндегі конференция аясында Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И қолдау білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz министрлікке сілтеме жасап.
Іс-шарада бейнебайланыс арқылы мәлімдеме жасаған Қытайдың СІМ басшысы қарусыздану және таратпау саласындағы мәселелерге қатысты Бейжіңнің ұстанымымен таныстырды.
«Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны орындауға байланысты Ван И БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық агенттік құру туралы Қазақстан Президентінің ұсынысына жоғары баға берді.
Пікір алмасу барысында Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова қытай тарапына қазақстандық бастамаға қолдау білдіргені үшін ризашылық білдіріп, бүгінгі жағдайда оның ерекше өзекті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, аталған бастамаға қатысты тұжырымдамалық хат мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары арасында таратылғанын хабарлап, оны мүдделі делегациялармен егжей-тегжейлі талқылауға дайын екендігін атап өтті», делінген сыртқысаясат ведомствосының мәліметінде.