• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2021

Шоқай ауылына 70 жылдан кейін ауызсу берілді

490 рет
көрсетілді

Жамбыл облысындағы Шоқай ауылына таза ауыз су берілді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында аталған ауылдағы жүргізілген таза ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүргізілген.

800 тұрғыны бар ауылға 15 шақырымды құрайтын су құбыры тартылған. Солайша 160 аулаға су жіберу тетіктер орнатылған.

70 жылдан бері құдықтан су ішіп келген ауыл тұрғындары бұл оқиғаның тамаша тарту болғанын тілге тиек етті.

«Соңғы кездері ауыз судың құрамы да өзгере бастаған еді. Мінекей, бүгін тұрғындардың талай жылғы арманының орындалғанын көріп отырмыз. Ауыл жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Биыл ауылда клуб салынса, «Жомарт түлек» жобасы аясында ауылға арка орнатылды. Енді оқу ордасының құрылысы басталмақ», деді шоқайлық Исмайл Ходжумуратов.

Бердібек Сапарбаев су мұнарасын аралап, қондырғылардың жай-күйін қарап көрді.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылына ауыз су құбыры тартылса, енді тіршілік нәрімен Шоқай ауылы қамтылып отыр. Осылайша, 2019 жылы ауызсумен қамту үлесі ауданда 45,2 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызға жетті. Ал, ағымдағы жылы сапалы ауыз сумен қамту үлесін 71,4 пайызға жеткізуді көзделген.