Жұмыс сапары барысында Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
«2019 жылы Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша міндет қойды, онда халықтың барлық тілектері жедел ескерілетін болады. Сондықтан бүгін мемлекеттік қызмет саласында көптеген жаңашылдықтар енгізілуде. Олардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі мен кәсібилігін, халықтың билік институттарына сенім деңгейін арттыруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайтуға, сондай-ақ мемлекеттің жаңа экономикалық саясатын іске асыру жағдайында мемлекеттік аппараттың тиімділігін жоғарылатуға бағытталған», деп атап өтті Анар Жаилғанова.
Ведомство басшысына облыс әкімдігі жанындағы Ситуациялық орталық таныстырылды, ол туындаған қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға арналған.
Сонымен қатар Анар Жаилғанова «Open Pavlodar» фронт-офисінің жұмысымен де танысты.
«Open Pavlodar» алаңында» «бір терезе» қағидаты бойынша қаладағы тұрғындарға қажетті қызметтер, қаржылық даму институттары, екінші деңгейдегі банктер қызмет көрсетеді, сондай-ақ цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Фронт-офистің заманауи техникалық жабдықталуы нақты уақыт режимінде электрондық форматта 800-тен астам мемлекеттік қызметті пайдалануға мүмкіндік береді.
Жаңа орталық базасында барлығы 5 операциялық зал жұмыс істейді, қалалықтарға барынша ыңғайлы болу үшін күту залы мен балалар алаңы көзделген.
Бұдан басқа, Анар Жаилғанова Павлодар қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде болды. Мұнда 800-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Күн сайын аталған орталыққа 2000-ға жуық адам келеді.
Агенттік Төрағасы азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттік басқару академиясының филиалы базасында Анар Жаилғанова Президенттік Жастар кадрлық резервінің қатысушыларымен кездесті. Павлодар облысынан барлығы 16 адам президенттік Жастар кадрлық резервіне кірді, олардың 6-ы жұмысқа орналастырылды.
«Кадрлық резервтің мақсаты, бірінші кезекте, жастар үшін ашық әлеуметтік лифт құру. Резервистер, сіздерге мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу стилін жоғары тиімділік, мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасы және халықпен жұмыс істей білу бағытына өзгерту бойынша үміт артылады», деп атап өтті Анар Жаилғанова.
Филиалдың барлық аудиториялары заманауи аппаратурамен жабдықталған: проекторлар, «Смарт-кап», интерактивті панельдер, Internet желісіне қосылған моноблоктар, бұл тыңдаушыларға сабақ үдерісінде де, жобаларды әзірлеуде де барлық ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді. Биыл біліктілікті арттыру семинарларында 681 адам оқытылды, 124 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтті.
Павлодар облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова өңірдің мемлекеттік қызметшілеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жұмыс істеуді, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелерге көбірек көңіл бөлуді және азаматтардың өтініштеріне уақытылы ден қоюды тапсырды.