Қала тұрғындары карантин және оқшаулау режимін бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатын болады. Айыппұл сомасы шамамен 90 мың теңгені (30 АЕК) құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінгі таңда «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандары арқылы үй карантинін бұзған 3550 адам анықталды. Олардың ішінде «қызыл» статусы бар, яғни COVID-19 жұқтырған 1651 келуші, «сары» статусы бар 1899 адам анықталды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қалалық штабының отырысында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мәселелері қаралды.
Карантиндік шараларды сақтау бойынша мониторинг топтарына жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар мобильді топтар «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмысын тексереді. Карантиндік шаралар бұзылған және сақталмаған жағдайда нысандар жабылады.
Сонымен қатар оқшаулау режимін бұзатын және адам көп жиналатын орындарға баратын азаматтар да жауапкершілікке тартылады. Айыппұл сомасы шамамен 90 мың теңгені (30 АЕК) құрайды.
«Коронавирус көрсеткіші азайып жатқанына қарамастан қала әлі де «қызыл» аймақта. Сырқаттанушылықтың төмендеуі вакцинация есебінен жүріп жатыр. Вакцинацияланғандардың санын көбейтіп, ұжымдық иммунитетті қалыптастыра отырып, біз коронавирусты жеңе аламыз.
Мұндай жауапсыздығынан жақындарына қауіпті індетті жұқтыруы мүмкін екенін ескермейді. Олардың ағзасы коронавирусты жеңе алатынына кепілдік жоқ. Сондықтан біз қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Мұның бәрі қала тұрғындары мен елордамыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр», деді Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқат Бейсенова.