Қарағанды облысында балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру қолға алынбақ. Қазіргі пандемия жағдайында бұл, әрине, оңай шаруа емес. Әсіресе, демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне баса мән беріледі.
Облыстық білім басқармасының жоспарына сай, қазіргі қолайлы санитарлық-эпидемиялық жағдайдағы каникул уақытында қала сыртындағы 11 лагерь мен 102 шатырлы және киіз үйлі балалар лагері жұмыс істейді. Аталған демалыс орындары 190 мыңнан аса оқушыны қабылдауға әзір екен. Олардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балалары болмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова осындай жоспарымен бөлісіп, жазғы уақытта оқушылардың пайдалы және қауіпсіз бос уақытын ұйымдастыру туралы айтып берді. Сондай-ақ ол мұғалімі шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акциясын, «Жас құтқарушы» облыстық және өңірлік жарыстарын өткізетінін атап өтті.
– Балалар мен педагогтер суға батқан кезде алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді, жадынамалар мен буклеттер таратуға бастамашылық жасайды. Мектеп басшылығы оқушыларды жүзуге үйрету бойынша бассейндермен меморандумдарға қол қояды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар қаңқалы бассейндерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізуде, – деді Г.Қожахметова.
Бұған қоса жазғы каникул кезінде «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» акцияларын ұйымдастыру да жоспарда бар екен. Мұндағы басты мақсат – ата-аналарды ашық отты, электр құралдарын, газ жабдықтарын пайдалану ережелері, сонымен бірге суда жүзу және жолда жүру ережелері туралы балалармен әңгімелесуге шақыру. Балаларға шұғыл қызметтердің 112, 101, 102, 103 нөмірлерін үйрету керек.
Ал аталған брифингке қатысқан Қарағанды облысы ТЖД басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов жазғы каникул кезінде ведомствоға қарасты бөлімшелердің жоғары дайындық режіміне көшірілгенін мәлімдеді. Құтқарушылар су айдындарында рейдтер жүргізіп, демалушыларға жадынамалар таратылатынын айтты.
– Бүгінге дейін олар жабдықталмаған су айдындарына 174 тыйым салу белгісі орнатылды. Біздің бастамамыз бойынша 2GIS жүйесінде шомылуға болатын су айдындары мен демалыс аймақтары арнайы белгілермен белгіленді, – деді А.Ахметжанов.
Облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы өңірдегі Федоров, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Кеңгір суқоймаларының жағалауларында, сондай-ақ Балқаш және Айнакөл көлдерінде тәулік бойы жеті құтқару бөлімшесінің жұмыс істейтінін хабарлады. Мұндағы қызметкерлер қажетті автокөлік техникасымен және жүзу құралдарымен жеткілікті мөлшерде жабдықталған екен.
Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүзден аса қоғамдық құтқарушыны оқытып-үйрету жұмыстарын ұйымдастырған. Олар облыстың су айдындарында қауіпсіздік іс-шараларын жүзеге асыру жұмыстарына тартылады.
ҚАРАҒАНДЫ