Уэльс құрамасымен кездескен Түркия екінші ойында да жеңіліп қалды. Бұл жолы Шенол Гүнештің шәкірттері Бэйл бастаған жігіттерден айласын асыра алған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Матчтағы есепті Аарон Рэмзи ашты. 42 минутта шабуылшы Гарет Бэйл оң қапталдан айып алаңына әуелете пас асырған. Қорғаушылар арасынан сытылып шыққан Рэмзи допты қақпаға дәл бағыттады.
Бұдан кейін де алма-кезек шабуыл бәсеңдеген жоқ. Осындай сәттердің бірінде Бэйл сол қапталдан айып алаңына атойлап кірген. Допқа тосқауыл болуға талпынған қорғаушы Зеки Челик уэльстік футболшыны құлатып, ойын тәртібін бұзды.
Сөйтіп, ВАР-дың көмегіне жүгінген төреші пенальти белгіледі. Дегенмен шабуылшы Бэйл пенальтиден гол соға алмай, допты қақпадан қиыс бағыттады.
Есеп ойынның соңына дейін өзгермеген еді. Таразы басын теңестіруге ұмтылған түріктер тағы бір мәрте Бэйлден көз жазып қалды. Ойынның соңғы минуттарында шабуылшы оң қапталдан айып алаңына пас асырған. Допқа бірінші жеткен Коннор Робертс екінші голдың авторы атанды.
Осылайша, екі турдан кейін Уэльс 4 ұпаймен топ бастаса, екі кездесуде 5 гол жіберген Түркия көз соңында қалып қойды.
Түркия – Уэльс 0:2
Голдар:
0:1 – 42 Рэмзи, 0:2 – 90 Робертс.
Түркия – Чакыр, Айхан, Челик, Мераш (Мюлдюр, 73), Сеюнджю, Үндер (Кахвежи, 83), Йокушлу (Демирал, 46), Чалханоглу, Туфан (Языжы, 46), Йылмаз, Караман (Дервишоғлу, 75).
Уэльс – Уорд, Робертс, Родон, Дэвис, Мифем, Аллен (Ампаду, 73), Моррелл, Бэйл, Рэмзи (Уилсон, 85), Джеймс (Уильямс, 90), Мур.
Ескерту алғандар:
Дэвис (90), Йылмаз (90), Мифем (90), Чалханоғлу (90).