Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті Көкше өңірінің құйқалы бір пұшпағы – табиғаттың зергер қолымен зерленген, жылдың қай маусымында да он бесінде толған айдай толықсып жататын Зеренді аймағы.
Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан қасиетті Көкше топырағындағы тұмса табиғат талайды таңырқататыны да рас. Ел ежелден Бурабайдың бедерлі бейнесіне көз қанықтырған. Ал Бурабайдан ат шаптырым жердегі ну орманды, мөлдір сулы Зерендінің де туризм саласын дамытуға айрықша ыңғайлы, әбден лайық екенін айту парыз. Соңғы жылдары курортты аймақтың инфрақұрылымы біршама дамып, көп-көрім жақсарып қалды. Алыс-жақын шет елдерден дүмеп келіп жататын туристердің жолын жаман тұмау кессе де, былтыр 12 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Биылғы үміт те зор. Облыс таяуда ғана «қызыл аймақтың» құрсауынан шықты. Бәлкім биыл өткеннің есесі қайтатын-ақ болар. Қазір ауданның туристерге қызмет көрсететін ұйымдары қапысыз қамдануда. Ұзын-ырғасы қырықтан астам туризм нысаны бар. Сөз арасында олардың 11-і тәулік бойы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
– 2020 жылы облыс әкімдігі Зеренді курортты аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын бекітті, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Күлия Бексұлтанова, – күні бұрын мұқият әзірленген жоспарда инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді түбегейлі шешу, көліктік-логистикалық және коммуникациялық бағытты мейлінше дамыту, ерекше қорғалатын табиғи аумақта рекреациялық қызметті жетілдіру қамтылған. Ауданның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды 45 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бүгінге дейін жалпы құны 148,9 млн теңгенің құрайтын 16 жоба аяқталды.
Зеренді ауылдық округінің әкімшілік шекарасындағы туристік бизнес нысандарын елді мекен құрамына енгізе отырып, ауылдың бас жоспары әзірленген. Ертеректе ішінара сынға ілініп жүретін жол бойындағы қызмет түрлерін жақсарту барынша ескерілген. Алыстан ат арытып жеткен туристердің кірпияз көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Демек зерлі Зерендінің қонақжай құшағына күмп ете түскенше жол азабын шекпегені жөн. Кіші Түкті мен Серафимовка ауылдарының бас жоспары бекітіліп, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық шаруашылық ұйымдастырылған. Ауылдың Ж.Мусин көшесінен бастап Зеренді көлінің жағалауына дейін қамтитын парк аймағының тұжырымдамасы жасалды.
Жанға жағымды жаңалық та аз емес. Келушілердің көңілін аударатын «Визит» орталығы салынып, тарихы қатпар-қатпар өңірдің археологиялық, геологиялық және мәдени мол ерекшеліктері мұқият ескеріле отырып, жыл бойы үзбей жұмыс істейтін туристік соқпақтар абаттандырылды. Көркем табиғаттың аясындағы соқпақтың бойымен желе жортып өткен адам көңіліне көп сырды түйер еді. Жалғыз сұлу табиғат қана емес, құйқалы өңірдің алуан құпиясы бөгіп жатқан айрықша ажарлы жердің тарихынан тамаша тағылым алуға болады. Елдік пен ерлікті жырлайтын аңызға тұнған өлкенің өңі топырағына табаны тиген адамды ұлттық рухқа сусындатып тұратын тәрізді.
Міне, сондықтан да бұл өлкеде мәдени-танымдық, іскерлік, емдеу-сауықтыру бағыттарын дамытуға мол мүмкіндік бар. Ақбас толқындары аспанға атып жатқан күміс көлдерде шомылып, жүз сан әнші құстары дарқан даланың тамаша күйін шертіп жатқан өңді өлкеде жаяу, атпен серуендеп, аңшылық құруға да әбден болады. Жалғыз жазда ғана емес, қыс түсіп, төрткүл дүние тегіс ақша қар жамылғанда шаңғы спортының бағы жанады дей беріңіз.
Сөз арасында көрікті өңірдің бағын асырып тұрған Зеренді көлі туралы бірауыз сөз айта кетелік. Жағасы ит тұмсығы өтпейтін қалың қарағай, ақ қайыңмен көмкерілген Зеренді көлі теңіз деңгейінен 300 метр биіктікте орналасқан. Көл табаны құмды, суы мөлдір. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, суының тазалығында күмән жоқ. Оны зер салып қарасаңыз, зертханасыз да айыра аласыз. Айдынға шомылудан жалықсаңыз, қолыңызға қармақ алып, он сан балығы өрістеген көлде балық аулауға да болады. Зеренді көлі – шын мәнінде табиғаттың тамаша тартуы. Бәлкім содан ба екен, көп көңілін өзіне тартып тұрады.
Соңғы жылдары туризм индустриясын барынша дамыту мақсатында әлеуетті инвесторлардың жұмылуы оң болды. Жер учаскелері ұзақ мерзімге жалға беріле бастады. «AuroraGarden» отбасылық демалыс орталығы кеңейтілді. 250 адамға арналған 2 қабатты асхана салынды. 2020 жылы туризм саласы бойынша ауқымды үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, туристерге қызмет көрсету аясы көп-көрім кеңейіп қалды. Осы бір ілкімді істі ойға алғанда, «EliktiPark» тау шаңғысы кешеніндегі кеңейту жұмыстарын айта кеткен ләзім. Жайлы күркелер, алуан түрлі ойын алаңдары орнатылған. Ажарлы саябақ алаңы, балалар мен ересектерге арналған бассейндер салынып, спорттық жабдықтар жаңғыртылды.
Соңғы жылдары республикалық және халықаралық көрмелерде Зеренді курорттық аймағының туристік әлеуетін жақсарту мақсатында ауыз толтырып айтуға тұрарлық бірқатар жұмыстың атқарылғанын бөле-жара айта кетелік. Орындалғаны бір бөлек, оған қоса әлі де 29 жоба қолға алынып отыр. Ойға алғанның барлығы жүзеге асқан кезде зерлі Зерендінің көркем келбеті көзтартарлық, көңіл тоғайтарлық деңгейге жететіні сөзсіз. Өлкеге аяқ басқан туристердің ықыласын өзіне аударып, ынтасын арттырудың, қолайлы жағдай жасаудың бар шарасы қамтылуда. Мәселен, табиғаты тамылжыған Бурабайға қарағанда адам аяғы сиректеу тиетін Имантау мен Шалқар курортты аймағымен байланыстыратын облыстық маңызы бар екі автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді тылсым табиғат аясын тамашалаған өкпек жолаушы жол азабын шекпейтін болады.
Келімді-кетімді кісіге өткен тарихтың өнегелі тұсын ұқтыру, туған жердің тағылымын көкірегіне қотарып құйып беру де маңызды. Өзгелер де өлкенің өткен тынысын, қастерлі қасиетін білгені дұрыс қой. Осы мақсатта Зеренді ауылында өлкетану музейінің құрылысын жүргізу қолға алынбақ. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 3,9 млн теңге қаражат бөлінді. Тәуелсіздік көшесінде музейге арналған жер теліміне мемлекеттік акт алынды. Таяу арада музей құрылысы қолға алынбақ.
Зерендінің туризм саласын дамытуға инвестициялық жобалардың әсері мол. Осы орайда «Парус» балалар сауықтыру орталығы бұрынғы межеден әжептәуір кеңейтілуде. Жаңадан 70 орынға шақталған 5 қабатты жатын корпусы салынуда. «ZerenNur» сауықтыру кешенінің аумағында 3 қабатты медициналық блоктың құрылысы таяу арада пайдалануға берілмек. Бұдан басқа да бірқатар жоба қолға алынып отыр.
Зерендіден тұп-тура 45 шақырым жерде қазақы ұғыммен әдіптеп айтқанда, иек астында Қараүңгір көлі бар. Былайғы жұрт біле бермеуі де әбден мүмкін. Сәл қиғаш жатқандықтан көз ұшына іліне бермейтін Қараүңгірдің суы емдік қасиетке ие. Мамандар көл суының құрамын зерттей келе, оның минералға өте бай екендігін дәлелдеп отыр. Гидрогеология ғылымдарының докторы М.Пятовтың 2003 жылғы зерттеуіне қарағанда, балшығы да емдік қасиетке ие екен.
Туризм жалғыз табиғат көркіне сүйсініп, таза ауасын жұту емес, бүгінгі жұрт тарихқа да қызығады. Бұл орайда, Кеңөткел қойнауында бағзы замандағы Ботай мәдениетіне жататын тарихи ескерткіш бар. Соңғы жылдары түбегейлі зерттелу үстінде. Ақкөл мен Ивановка ауылдарының іргесіндегі Уәли хан мазары да тылсым тарихтың бір пұшпағын сыр етіп шертеді. Темір дәуіріндегі Ақшасор бейіті де аңыз ұйыған жер. Алдағы уақытта тұтас бір көне дәуірдің күмбезін сомдайтын қасиетті жерлер жан-жақты зерттелмек.
Сөз соңында тарихи тағылымы да, бүгінгі бедерлі бейнесі де, айдын шалқар көлі мен ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты орман-тоғайы да туристердің талғампаз көңілінен шығатынын айтқымыз келеді.
Ақмола облысы
Зеренді ауданы