Қайғылы оқиға 16 маусым күні сағат 19.00-де Баймағамбетов көшесінде болған. Облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қайтыс болған әйелдің кім екені анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» 99-бабымен қарастырылған сотқа дейінгі тергеу басталды», деп хабарлады полициядағылар.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам әйелге бірнеше рет пышақ сұғып алған, кейін өзін жарақаттаған. Сондай-ақ куәгерлер ер адамның қайтыс болған әйелдің бұрынғы күйеуі болғанын айтады.
«Полицияға оқиға туралы хабарлама сағат 18.51-де түсті, жедел жәрдем 18.53-те жетті. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 1988 жылы туған әйелдің жерде жатқанын көрген. Ол жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған», деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.