• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2021

Шымкентте медицина қызметкерлері марапатталды

503 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарын марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы дәрігер атты жауапты да маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып отыр.

Себебі жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен күнге үдеп, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашасы болып жүргендердің еңбегі орасан зор екені белгілі.

Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен сала мамандарын марапаттады. Медицина саласына қосқан жоғары үлесі үшін 5 қызметкерге Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаты, 5 азаматқа «Еңбек ардагері» медалі, 8 маманға «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі, 5 дәрігерге «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі табысталды.

- 2020-2021 жылдар медицина саласы үшін өте ауыр болды. Сын сағатта медицина қызметкерлері ажалмен арпалысып, ауыр бейнеттің ортасында жүрді. Өткен жылы дәрігерлер кәсіби мерекелерін тойлаған жоқ. Оған мүмкіндік те болған жоқ. Сіздерге үлкен міндеттер қойылып, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Коронавирус індетіне қарсы күресте жанкешті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! - деген шаһар басшысы сала үздіктерінің қызметіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласының жетістіктерін атап өтті. Денсаулық сақтау саласындағы бюджет 30 жылда 50,8 млн.теңгеден 79,1 млрд. теңгеге дейін өскен. 3000 бірліктен астам медициналық техника сатып алынған. Бүгінгі күні қаланың медициналық ұйымдарының жарақтандырылуы 25,3 пайыздан республикалық көрсеткішке 77,5 пайызға дейін жеткізілді. Дәрігерлер саны 1991 жылғы 2205 дәрігерден 2021 жылы 4205-ке дейін өсті. Ана өлімі 10 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 3 есеге төмендеді. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде халықтың күтілетін орта жасы он жылға өсіп, 70 жастан асты.

Мерекелік шара соңы дәрігерлер туралы деректі фильм және концерттік нөмірлермен ұласты.