Атыраудың облысының аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 61 шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, бұл дерек «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталып отыр.
«Полиция қызметкерлері еліміздің көші-қон заңнамасын бұзудың 1 514 дерегін анықтады. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 517-бабымен 1185 шетелдікке әкімшілік шаралар алынды», дейді Қамза Үмбетқалиев.
Оның мәліметіне қарағанда, көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін сот шешімімен 61 шетелдіктерді елден шығару ұйымдастырылған. Полиция қызметкерлерінің бақылауымен 15 өзбекстандық пен Тәжікстан Республикасының 1 азаматын мәжбүрлі түрде Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» бақылау-өткізу бекеті арқылы шығарылған.
«Бұған қоса, көші-қон саласындағы заңнаманы бұзған және шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді арнайы заңдылықты бұза отырып тартқан еліміздің 329 азаматы мен заңды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке басын анықтайтын құжатсыз жүрген ТМД елдерінің 144 азаматы қабылдау-тарату орнына тапсырылды», дейді Қамза Үмбетқалиев.