• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Маусым, 2021

Байден – Путин келіссөзі: нәтиже қандай?

340 рет
көрсетілді

АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Женевада өзара келіссөздер өткізді. Екі елдің басшылары 2018 жылдан кейін алғаш рет кездесіп отыр.

Келіссөздер Женева қала­сының маңындағы Villa La Grange қонақүйінде өтті. Мәртебелі меймандарды Швейцария президенті Гай Пармелиннің өзі қарсы алып, бейбітшілік қаласына кел­ген­деріне ризашылығын білдірді.

«Мен екі президентке өз елдері мен бүкіл әлемнің мүд­делері үшін жемісті диалог жүргізуді тілей­мін!», деді Пар­ме­лин. Бұдан ке­йін мемлекеттер басшылары келіс­сөздер бөлме­сіне өтті.

Осы орайда, мына мәселені айта кеткен жөн. Әдетте Вла­ди­мир Путин шетелдік басшылармен кездесуге кешігіп келетін. Мә­селен, 2013 жылы Рим Папасы Францискпен кездесуге 50 минут кешіккен. Дәл сол жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Кер­риді үш сағат күттіріп қойған. 2012 жылы Германия канцлері Ангела Меркель де оны 40 минут күтуге мәжбүр болған.

Сарапшылар Женевадағы жүздесуде де Ресей президенті осындай қадамға баратынын болжаған. Алайда Кремль басшысы бұл жолы келіссөздерге дәл уақытында келді. Керісінше, Джо Байден 15 минутқа кешікті.

Айта кетерлігі, саммит қар­саңында Швейцария билігі Жене­ваға қосымша 1000 сарбаз кір­гізетінін, сейсенбінің таңы­нан бейсенбінің кешіне дейін қала маңындағы әуе кеңістігі шекте­летінін мәлімдеді. Швейцария әске­ри-әуе күштері іс-шара бары­сында әуеден бақылау жүргіз­ді. Сонымен қатар Швейца­рия­ның түкпір-түкпірінен келген қо­сымша 2000 полиция қызметкері қауіпсіздік күзетіне тартылды.

«Бұл жоғары деңгейдегі ха­лық­аралық саммит болған­дық­тан, іс-шара барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұндай шара қажет. Швейцария халықаралық құқық бойынша арнайы қорғауды пайдаланатын адамдардың, мысалы, америкалық және ресейлік мем­лекет басшыларының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мін­детті», делінген Швейцарияның Фе­дералдық кеңесінің хабарламасында.

Осындай ерекшелікпен бас­талған жүздесу 3 сағатқа созылып, жоспарланған мерзімінен ерте аяқталды. АҚШ президенті келіссөздердің табысты өткенін айтып, әңгімелесуге көп уақыт қажет болмағанын алға тартты. Сондай-ақ АҚШ пен Ресей  арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың алғашқы қадамы жасалғанына екпін түсірді.

Осыдан үш жыл бұрын Вла­димир Путин сол кездегі Ақ үй басшысы Дональд Трамппен Хельсинкиде кездесіп, футбол добын сыйға тартқан-ды. Бұл жолы Байден мұхиттың арғы бетінен арнайы әзірленген көзілдірік, бизонның кристалл мүсінін сый­лыққа әкеліпті.

Тараптар ядролық қаруды бақылау бойынша диалогты бас­тауға келісті. Сондай-ақ елші­лерді бір-бірінің астаналары­на қайтаруға уағдаласты. АҚШ Ресейді 2020 жылғы прези­ден­т­тік сайлауға араласты деп айып­тағаннан кейін екі тарап та нау­рыз айында елшілерін консультация үшін шақыртып алған еді.

Дегенмен, президенттердің бас­қа мәселелер жөнінде, соның ішінде киберқауіпсіздік, Украи­на мәселесі және Ресей оппози­ция­сының жетекшісі Алексей Наваль­ныйдың тағдырына қатыс­ты мәселелерде ортақ мәмілеге кел­ген-келмегендігі туралы мүл­дем айтылған жоқ. Тек Джо Бай­­ден өз сөзінде Навальный түрме­де қаза тапса, оның салдары Ре­сейге ауыр соғатынын айтып өтті.

Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары жур­налистермен кездесіп, баспа­сөз жиынын өткізді. Владимир Пу­тин елшілердің қайтадан жұ­мыс­­тарына кірісетінін мәлім­деді.

«Біз Ресейдің Сыртқы істер ми­­нистрлігі мен АҚШ Мемлекет­тік департаменті дипломатиялық бай­ланысқа қатысты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бо­йынша консультацияларды бас­тауы туралы келісімге келдік», деді Путин.

Кремль басшысы мұның нақ­ты қашан жүзеге асатынын айт­қан жоқ, дегенмен елшілер өз мін­деттерін жалғастыратынын жет­кізді. Өздеріңізге белгілі, екі ел арасында «қара мысық жүгі­ріп өткелі», Ресейдің АҚШ-тағы елші­сі Анатолий Антонов пен АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Сал­ливан елдеріне оралған болатын.

Бұдан бөлек, жиын барысында киберқауіпсіздік мәселесі де тал­қыланды. Өздеріңізге мәлім, биыл АҚШ-тың ірі мұнай құбы­ры жүйесі Colonial Pipeline-ға хакерлік шабуыл жасалған еді. Батыс елдері бұған Ресейді кінә­лаған. Журналистермен кездесу барысында аталған мәселе туралы сұрақ қойылған. Владимир Путин болған киберқылмысқа Ресейдің қатысы жоқ екенін алға тартты.

Сондай-ақ сотталғандарды алмасу жөнінде де әңгіме айтылды. Алайда аталған мәселеде ауқымды уағдаластық жасау мүмкін болған жоқ. Тараптар келешекте осы тақырыпқа тағы оралатынын айтты.

Байден өз сөзінде Путинге су немесе энергетика секілді маңызды инфрақұрылымдарға хакерлік немесе басқа шабуылдар жасауға тыйым салынуы тиіс екенін мәлімдеді.

«Мен Путин мырзадан егер ха­керлер Ресейдің мұнай құбыр­ларын істен шығарса, өзін қалай сезінетінін сұрадым. Ол мұның өзекті екеніне тоқталды», деді Байден. Сонымен қатар егер Ресей осы «негізгі нормаларды» бұзса, АҚШ оған жауап қайтаратынын жеткізді. Ал адам құқығы, оның ішінде наразылық білдіру құқығы туралы мәселелерде мемлекеттер басшыларының айтқан сөздері кереғар шықты.

Баспасөз жиыны екі президентке де оңай тиген жоқ. Журналистер Путинге де, Байденге де сұрақты қарша боратты. Кремль басшысы кей сауалға тікелей жауап беруден жалтарып кетті. Мәселен, тілшілер Алексей Навальныйдың улануы туралы сұрап, неліктен Ресейдегі оппозиция өкілдері қудалана беретініне назар аударған. Бірақ Путин бұл сауалға жанама жауап беріп, құтылып кетті.

Журналистер Байденнен Ресей президентіне қаншалықты сенетінін сұраған. Ақ үй басшысы шарт кетті. «Бұл – сенім мәселесі емес. Бұл жеке мүдде мен оны нақ­тылау туралы. Пудингтің дә­мін анықтау үшін жеп көру керек. Анық-қанығын көп ұзамай бі­леміз», деді.

CNN журналисі Кэйтлан Кол­линс бас­пасөз жиынын аяқтап, кетіп бара жатқан Байденнен не­лік­тен Владимир Путинге қатыс­ты оң көзқараста екенін сұра­ған.

«Мен сенімді емеспін. Не мас­қара, не істеп жүрсіздер?», деген Байден кетіп бара жатқан жерінен бұрылып, журналистерге қайта оралды.

«Мен қашан сенімдімін деп айттым? Менің айтқаным – мәсе­леге тіке қарау туралы. Егер әлем олардың әрекетіне қарсы тұратын болса, олар өз мінезін өзгертеді», деді Байден.

Кейінірек ұшаққа мінер тұста Джо Байден журналистермен тағы кездесіп, қатты кеткені үшін кешірім сұрап, бұқаралық ақ­парат құралдарының негативті ақпаратқа көп көңіл бөлетініне қынжылыс білдірді.

Халықаралық қоғамдастық та, АҚШ та Женевадағы жүздесуге қатысты пікір білдірді. АҚШ Республикалық партиясының ұлттық комитеті Джо Байденнің Путинмен кездескенін сынға алды. «Путинмен кездесу арқылы Байден оған жеңіс сыйлады», деді комитеттің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Даниелле Альварес.

Politico.eu сайтының сарапшылары АҚШ пен Ресей келісімге келсе, Батыстың басқа елдері де Кремльмен тіл табысуы мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен, Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі комиссары Джозеп Боррель қарт құрлықтың ресми Мәскеумен қатынасы одан сайын қиындай түсетінін айтты.

Қорыта айтқанда, Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі салыстырмалы түрде табысты өткенін айта кеткен жөн. Әрине екі елдің келіспейтін мәселелері болатыны түсінікті. Бірақ алпауыт державалардың қырқысқанынан гөрі ынтымақтасқаны өздері үшін де, тұтас әлем үшін де тиімді болар.