Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, бес жылда орман алқабы 7 миллион көшетпен толығады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біздің өңір үшін өзекті мәселенің бірі – экологиялық ахуал. Жыл басынан бері ғарыштық мониторинг арқылы Атырау қаласының аумағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталды. Оның 39-ы тазаланды, 42-сінде тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 13 қоқыс орнының иелері анықталуда. Былтыр облыс орталығында 484 тіркелмеген қоқыс орны анықталып, барлығы жойылған», дейді Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің мәліметінше, Президенттің 2025 жылға дейін орман алқабында жаппай тал егу мен елді мекендерді көгалдандыру тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар басталды.
«Алдағы бес жылда облыстың орман қорының алқабына 7 миллион көшет, ал елді мекендерге 540 мың тал егу жоспарланып отыр. Өңірдегі «Теңізшевройл», NCOC, АМӨЗ және «Ембімұнайгаз» сынды ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен көгалдандыру жұмыстарына қатысты меморандум жасалды. Олар осы күзде жұмысты бастайды», дейді әкім.