• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2021

Қалдықтан жасалған карта

295 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет қайта өңделген пластиктен жасалған эко­логиялық төлем картасы қолданысқа енгізілмек. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, мұндай картаны пайдалану – қоқысты сұрыптау мен қоршаған ортаны жасылдандыруды қолдаудың бір жолы. Жаңа картаны Еуразиялық банк пен Mastercard бірлесе ұсынып отыр.

«Қайта өңделген пластиктен жасалған картаның экологиялық функциясы да бар. Банк картасымен жасалған әрбір төлемнің транзакция сомасынан 0,5 пайыз – Eurasian Environmental Fund-қа, тағы 0,5 пайызы Eurasian Pay, Apple Pay, Samsung Pay ар­қылы жасалған байланыссыз тө­лемдер үшін клиентке бонус ре­тінде жіберіледі. Экокартамен мей­лінше көбірек төлем жасалған сайын соншалықты экологиялық бағ­дарламаларды қолдауға қар­жы бағытталып отырады», дейді Еуразиялық банк басқарма төр­ағасы Иван Белохвостиков.

Аталған эко картаны пайдала­ну арқылы әрбір қазақстандық ел эко­логиясының жақсаруына аз да болса үлесін қосып отырмақ. «Жа­сыл бонустар» жинақта­лып оты­ратын қор бір ай бұрын ғана «Астана» халықаралық қар­­­­жы ор­талығының базасында құ­рылған.

– Біздің миссиямыз – Қазақ­станда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Біз елге шынайы кө­мегін тигізе алатын түрлі бағ­дарламалар мен бірлескен жобалар жасау үшін экобелсенділер мен экологтарды шақырамыз. Қор­дың жұмысы ашық жүргі­зі­леді, – дейді «Астана» халық­аралық қаржы орталығы «Жасыл қаржы» қорының бас директоры Айдар Қазыбаев.

Mastercard компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпканың ай­туын­­ша, өңірде алдыңғы қатар­лы қар­жылық шешімдер іске асуы үшін Mastercard белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Трэпка сондай-ақ экологиялық карталарды на­рыққа шығару процесінің Қазақ­станда да басталғанына қуаныш білдірді. Ал банк карталары үшін пластик өндірумен айналысатын «Розан Азия» ком­паниясының директоры Да­нияр Байбатшаевтың айтуынша, қайта өңделген пластиктен экокарта өндірісін жасау тым қымбатқа түседі. «Сол себепті, мұнда ешкім пайда көрмейді. Өйткені қатысушылар үшін бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Ең бастысы – осы арқы­лы экологиялық проб­лемаларға және «жасыл тех­нологиялар­ға» ел назарын аудара аламыз», дейді ол.

Әдеттегі банк карталары жұм­­­сақ және берік материал бо­­лып саналатын поливинил­хло­­­ридтен жасалады. Ресейлік «Эко­­лайн» компаниясы дирек­то­­рының ­орынбасары Елена Виш­­­някованың айтуынша, банк кар­таларын утилизациялау өте көп қиындық ту­­ды­рады. Себебі кар­талар тек 200 градустық ыс­тық­та ғана жойы­лады. Ал мұн­дай жоғары тем­пе­ратура кезінде ауаға диоксин, қорғасын, сынап, кад­мий, фталат сияқты улы эле­менттер бөлініп шығады. Сон­дықтан соңғы кезде ресейлік ма­мандар пластикалық карталар­ды цифрлы картаға ауыстыру туралы ұсыныстар айта баста­ды. Осы­лайша, қайта өңделмей­тін қал­дықтар көлемін азайтып, олар­ды дайындауға жұмсалған ре­сурстарды үнемдейміз, дейді сарап­шылар.

Соңғы деректер бойынша Қа­­­­зақстанда 30 млрд тонна­дан ас­там өндірістік және тұтыну қал­­дықтары жиналған. Соның ішін­де пластикалық қалдықтарды қай­та өңдеу және жою мәселесі өзек­ті болып тұр. 2016 жылы ел­дегі плас­тик қалдық саны 283 387 тонна болса, 2018 жылы со­ның 9 мың тоннаға жуығы ғана өңделген.

Айтпақшы, еліміздегі тұңғыш эко картаны 10 маусымнан бас­тап eubank.kz сайтында онлайн өтінім беру арқылы ала аласыз. Бір жыл бойы картаға тегін қыз­мет көрсетіледі.