• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

ЕЛБАСЫ БҮЛДІРШІНДЕР ҚУАНЫШЫНА ОРТАҚТАСТЫ

612 рет
көрсетілді

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін төмендету мақсатында арнайы әзірленген “Балапан” бағдарламасының Астана қаласында жүзеге асырылу барысымен танысты. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасына аталған бағдарламада қойылған мақсаттарға жету үшін бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар­дың қатарында өз мақсатында пайдаланыл­ма­ған балабақша ғимараттарын коммунал­дық меншікке қайтару, жаңа балабақшалар салу, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан шағын орталықтар құру, мем­лекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік ба­лабақшалар ашу, жеке инвестициялар есе­бінен балабақшалар құрылысын жүргізу сияқты міндеттер бар. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Мирзоян көшесіндегі күрделі жөндеуден өткен 240 орын­дық №47 “Ақ желкен” балабақша­сы­ның ашылу салтанатына қатысты. Елбасын қоше­метпен қарсы алған балдырғандар мен “Ақ желкен” балабақшасының тәрбиешісі Жұлдыз Жорткеева Президентке бүлдіршін­дер­дің бойында патриоттық сезім қалып­тас­тыру үшін Отанына деген сүйіс­пен­шілікті ұя­лату тұрғысында тәрбиелік жұ­мыс­тар жүргізуге баса мән берілетіндігін баян­дады. Осыдан кейін бүлдіршіндер Елбасына ән-тақпақтар айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Сізге біздің балалар мен педа­го­гикалық ұжым атынан алғысымды білдіргім келеді. “Ба­ла­пан” бағдарламасы аясында мынадай үлкен, кең де жарық ғимаратта отырмыз. Бұл үшін Сізге ризашылығымыз шексіз, деп жеткізді балабақша тәрбиешісі Президентке өз қуанышын. Осы жерде Президент балауса балғындармен бірге естелік суретке түсті. “Ақ желкенге” балаларын желкенді үміт жетелеп келген ата-аналардың да Елбасына деген алғыстары шексіз. Дильназ есімді не­ме­ресін алып келген Жаңабай Нығметжанов ақсақал мен жас ата-аналар атынан сөз алған, кішкентай Нұрасылдың әкесі Нұржан Өмір­зақов балаларының балабақша табалдырығын аттағандарына шексіз қуанышты екендіктерін жеткізді. Ал Астана гуманитарлық колледжі­нің директоры Әділхан Жүсіпов Елбасына аталған оқу ордасының жарты ғасырға жуық уақыттан бері мектепке дейінгі даярлық ма­ман­дығы бойынша қос тілде мамандар даяр­лап келе жатқандығын, 2007 жылдан осындай мамандар қатарының 5 есе өсіп отырғанын хабарлады. Нұрсұлтан Әбішұлы жиналғандарға ар­наған сөзінде жас ұрпақтың өз қатарлас­тары­мен бірге ойнап-күліп өсуінде балабақшаның орны ерекше болатындығын, бүгінгі бүлдір­шіндер қуанышына өзінің де ортақтас екенін айта келе, балғын бөбектерге бақытты болың­дар деген аталық тілегін білдірді. 1989 жылы салынған “Ақ желкен” ба­лабақшасының ауданы 2716,9 шаршы метрді құрайды. Бұл ғимаратта бұған дейін Алматы ауданының әкімдігі орналасқан болатын. Аталған ғимаратты қалалық білім жүйесіне қайтарып, оны қайта жабдықтау үшін “Жол картасы” бойынша 341,8 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге қарасты елордада қайтары­лып алынған 1515 орынды қамтитын 10 балабақша жөнделіп, ашылуға дайын. Алдағы шілде, қыркүйек айларында тағы 5 балабақша құ­рылысын салу жоспарда тұр, ол 890 орын­ды қамтамасыз етпек. Жыл соңына дейін 2405 орындық 14 балабақша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Астана қаласының әкім­дігі 2440 орынды қамтитын 10 жаңа бала­бақ­шаның құрылысын жүргізуде. Оның 1000 орындық төрт нысаны ағымдағы жылы тап­сы­рылып, жыл соңына дейін 1440 орындық 6 балабақша іске қосылады. Сондай-ақ шілде-қыркүйекте тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында 3509 орынға арналған 15 шағын орталықтар ашу жоспарланған. *  *  * Астананың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін азайту үшін “Балапан” бағдарламасының шеңбе­рінде жаңадан балабақшалар іске қосылуда. Мысалы, №40 “Құлпынай” және №51 “Алтын сандық” осы санаттағы балабақшалар. Атал­ған балабақшаларға 2-6 жас аралығындағы балалар қабылданбақшы. Бұрын үйде де, түзде де аналық міндет пен еліміз дамуына үлес қосуды қатар алып жүрген жас аналарды балабақша мәселесі қинайтын. Оның күрмеуі Елбасымыз халықпен тікелей байланысқа шыққан кезде келіп түскен өтініштер арқа­сын­да оңтайлы шешіле бастады. Астана қала­сында 2010 жылы ашылуға тиіс 24 бала­бақ­шаның 14-і мекемелерден қайтарылып алын­ған ғимараттар. Олар күрделі жөндеуден өт­кізіліп, жыл соңына дейін балалар игілігіне айналмақ. Қалған 10-ы жаңадан бой көтере­тін болады. 9 мамырда балаларға айқара есік ашатын №51 “Алтын сандық” балабақшасы бұған дейін “Қазақстан темір жолы” ком­паниясына” тиесілі болған. Московский кө­ше­сінде күрделі жөндеуден өтіп, толыққанды дайын тұрған “Құлпынайдың” ғимараты таяу уақытқа дейін “Астана ақшамы” мен “Ве­черняя Астана” газеттерінің редакциялары болған-тын. Бояу иісі аңқып, алыстан қызылды-жасылды боп көз тартып, тап-таза күйінде көңіл қуантып тұрған бұл балабақ­шаларды қызықтауға келген ата-аналар да, жас балалар да мәз. Ұйықтайтын, жатын бөл­мелерінде тізіліп тұрған кереуеттер, ойын бөлмесі, асхананы көргенде балақайлардың пайдалы уақыт өткізуіне сенімді боласыз. Ал аулада тебетін әткеншектер мен қалашықтар, сырғанайтын орындар орналасқан. Бұның бар­лығы да балалар үшін қауіпсіз материал­да­рдан жасалған екен. Оның үстіне тәр­биешілерге өткізілген қатаң байқау сәби­лердің жақсы тәрбиеленуін қамтамасыз етеді. “Алтын сандық” 265 балаға есептелген. 402,8 млн.теңгеге салынған құрылыс қысқа уақыт ішінде толық аяқталып отыр. Тағы бір қуан­тарлығы ашылған балабақшалардың барлы­ғында да тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізілетін болады. Осыған дейін де бұ­лардан бөлек “Еуропалық”, “Тәуелсіздік” тұр­ғын үй кешендерінде жарты күндік бала­бақшалар пайдалануға берілген болатын. Бүгінгі күні Астана қаласында балабақ­ша­ға орналасуға 34 мыңнан астам бала тіркеуде тұрған көрінеді. Ал орын жетіспеушілігі 28 мыңды көрсетіп отыр. Астана қаласы әкімдігі берген ақ­парат бойынша биыл кезекте тұрған бала­қайлардың 42,8 пайызы орынмен қамтылмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Венера ТҮГЕЛБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.