• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 21 Маусым, 2021

Мейрамханалар және пандемия

651 рет
көрсетілді

Батпандап кірген індет әсер етпеген сала кемде-кем. Дегенмен локдаун салдарынан ресторан индустриясы үлкен шығынға тап келді. Жақында жарияланған Испания экономистерінің зерттеуі бұл тұжырымды дәлелдеп бергендей.

Мейрамханалардың жартысы жабылуы мүмкін

Экономистер кредит карталары бойынша операцияларды зерделеу барысында 2020 жылғы локдаунда ресторан секторы үлкен шығынға ұшырағанын анықтады. Олардың айтуынша, адамдардың тамақтануға жұмсайтын ақшасы 5 есе қысқарған.

Ал маусымда ресторандар қайта ашылғанда былтырғы кірістің тек 40 пайызын ғана қайтара алыпты. Бір жағынан мейрамханалар жабылса да, жеткізу қызметі жанданғандай көрінді. Дегенмен ресми статистикаға сүйенсек карантиннің алғашқы айларында бұл саланың да шығынға ұшырағанын, кейін кіріс көлемі 2 есе өскен.

Бельгия рестораторлары пандемияны цунамимен салыстырады. Көптеген кәсіпкер банкротқа ұшыраған. 2020 жылы бірқатар мейрамхана жабылса, 2021 жылы бұл нарықтағы бәсекелестер саны тағы да қысқарған. Экономистер  үрдістің әлі де жалғаса түсетінін болжайды. Жағдай жақсарса ресторандардың үштен бірі, ал індет өрши түссе жартысы жабылуы бек мүмкін.

Британия қаржыгерлері пандемия жарияланған 2020 жылғы наурыздағы ресторандар саны мен 2021 жылғы сәуірдегі ресторандар санын салыстырған екен. Британия үкіметі пандемия кезінде тамақтану орны 9,7 пайызға қысқарды деген мәлімдеме жасады. Market Recovery Monitor зерттеуінің нәтижесі келесідей: Локдаун жарияланған 11 ай ішінде 18 770 рестораннан 16 853-і ғана қалған. 12 590 кафенің 500-ден астамы жабылып, 12 055 кафе қалған. Барлар мен пабтар саны 4,2 пайызға азайған. 2020 жылы наурызда 3 685 паб болса, 2021 жылы сәуірде 3 330 паб қалған.

Экономистер ресторандар мен пабтар көрсеткішінің арасы алшақ болуын былайша түсіндіреді. «Ресторандардың аумағы үлкен екені белгілі. Олар түгел бір ғимаратты жалға алады. Ал тұтынушы болмағаннан кейін босқа ақша төлемеу үшін бірқатар ресторан жұмысын тоқтатты. Ал пабтар кішігірім жерлерде ашылады. Аса үлкен қаражатты талап етпейді. Тамақ таңдауы да көп емес. Сондықтан бірнеше ай күте тұруы үлкен шығынға алып келмейді», дейді зерттеу жүргізушілердің бірі Граем Смит.

 

Цифрландыру жеделдеді

Бір жағынан пандемия тамақтану саласын цифрландыруды жеделдетті дейді CentralApp бельгиялық стартап жетекшісі Пабло Кастиель. «Біз мұндай жоспарды 3 жылдан кейін ғана орындалады деп болжадық. Пандемия бұған тез жетуге жағдай жасады. Осы ретте өз қызметімізді тегін ұсынып, біраз тәжірибе жинадық. Бірқатар ресторан жеткізу қызметін іске қосты. Осылайша, пандемия кезінде амалдай тұруға мүмкіндік тапты», дейді ол.

Расымен, шектеулер жеңілдетіліп, ашық аспан астындағы дәмханаларда жиналуға рұқсат берілгенде көп мейрамханалар онлайн мәзір қызметін іске қосты. Яғни даяшымен тікелей байланысқа түсу қажеті азайды. Тұтынушы QR код арқылы өз телефонынан мәзірді ашып, қалағанын таңдап, тапсырыс береді. Тасымалдаушы тек тағамды жеткізіп береді. Қазақстанда да бұл қызмет кеңінен тарады. Қазір кішігірім дәмханалар да бұл жаңашылдықты енгізіп үлгерген.

Бұл саладағы мекемелердің қысқаруына тағы бір себеп – қашықтан жұмыс істеу. Рестораторлар кеңседе жұмыс істейтін адамдар көбіне жұмыс орнына тамақ алдырып, не әріптестерімен бірге түскі асқа келетінін айтады. Ал қашықтан жұмысқа көшкеннен кейін азаматтар үйлерінде тамақ ішіп, ресторан аспаздарының жұмысы азайған. Алдағы уақытта қызметкерлер кеңселерге қайта оралмаса, бұл да мейрамханалар мен дәмханалар үшін қиындық тудырмақ.

 

Артық қыламын деп...

Пандемия кезінде жасырын жұмыс істеген мейрамханалар туралы ақпаратты көп оқыдық. Сыртқы есікті құлыптағанымен, қонақтарды артқы есіктен қабылдап, әдеттегі қызметтерін жалғастыра берді. Бұл тек Қазақстандағы мейрамханалар туралы емес, Еуропада да кездескен жағдай. Дегенмен тексеру барысында әшкереленсе, оларға үлкен айыппұлдар салынды.

Мәселен, жыл басында қаңтардан наурызға дейін бір ғана Алматы қаласында 1 039 рейд жүргізіліп, 8 190 мейрамхана мен дәмханалар тексерілген. Нәтижесінде, 715-інің тәртіп бұзғаны анықталды. 160 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 57 213 540 теңге көлемінде айыппұл салынған. Айыппұл салынуымен қатар жұмысын тоқтату туралы шешім тағы бар.

Елімізде дайын тамақты жеткізу бойынша танымал компания Chocofood карантин кезінде Алматы қаласында 490 ресторанның жабылып, 550-і қызметін уақытша тоқтатқанын хабарлады. Ал бір мейрамханада 50-ге жуық адамның жұмыс істейтінін ескерсек, 50 мың азамат жұмыссыз қалған.

Қазақстан рестораторлары қауымдастығының құрылтайшысы Ирина Лебедева пандемияға дейін Алматының бір ғана ауданындағы ресторандар жалпы алғанда айына 31 млн теңге табыс тапса, пандемия кезінде 7 млн теңгеге дейін қысқарған.

 

Еңбек нарығына өзгеріс

Коронавирус пандемиясы көп дүниеге көзқарасты өзгертті. Қашықтан жұмыс істеу, үйде тамақтанудан бөлек, еңбек нарығындағы трендтерді қайта қарауға мәжбүрледі. Пандемия кезінде бірқатар жаңалықты енгізген тамақтану саласы енді дижитал мамандар, санитарлық қызметкерлер сынды мамандардың маңызын түсінді. Локдаун кезінде жаңалықтарын жариялап отыратын, ұтымды маркетинг жоспар дайындайтын, тәуекел менеджментті жүргізетін заманауи мамандық иелерінің көмегіне жүгінді. Бір сөзбен айтқанда, маркетологтардың заманы келді. Әлеуметтік желілерде тұтынушылармен қарым-қатынас орнатудың қаншалықты маңызды екені айтпай-ақ түсінікті болды.

Бір қызығы, рестораторлар саясат пен экономикаға ерекше қызыға бастады. Пандемия кезінде бірқатар жеңілдік пен салыққа қатысты жаңа талаптар жарияланғанда «Электронды үкіметпен» танысып, экономикадағы болжамдарды бақылауға кірісті.

Мұны еуропалық рестораторлар да мойындап отыр. Брюссельдегі Les Brigittines дәмханалар желісінің басшылары Дрик Мини мен Натали Дрэйм локдаундардан кейін саяси белсенділігі артқанын айтады. «Бұрын тек өз саламыздағы жаңалықтарды бақылайтынбыз. Пандемия саясатты тереңірек түсінуге себеп болды. Кейде үкіметтің қабылдаған өзгерістерімен келіспей, наразылығымызды білдіріп, петицияларға қол қоямыз. Сайлаудың да маңызды екенін түсіндік. Өйткені өзіміз таңдаған басшы осындай тығырықта жол көрсететін тәжірибелі маман болғаны абзал. Сондықтан экономика мен саясат кәсіпкерлер үшін де маңызды деген ойға келдік», дейді кәсіпкерлер.

Пандемияның қашан аяқталары белгісіз. Бүгінде вакцина алған азаматтарға мейрамханалардың да есігі ашық. Дегенмен топтасып жиналуға әлі де тыйым бар. Оның үстіне әлеуметтік қашықтық талабына сай ғимараттарға кіретін адам саны шектелген. Сондықтан дәл қазір бұл саланы қандай өзгеріс күтетінін дөп басып айту қиын. Сарапшылардың да, саясаткерлердің де ұсынар жолы – вакциналау. Олар ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ қана бұрынғыдай өмірге қайта оралу мүмкіндігі жоғары дейді.