Ұлы Жеңіс мерекесі жақындаған сайын атқарылған шаралар да сан-салалығымен сипаттала түсуде. Ұрыс далаларында 90 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жаумен шайқасса, 53-і Кеңес Одағының Батыры атанған, ал 11-і “Даңқ” орденінің толық иегері болған. Солардан көзі тірілері 900-дей ғана. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста 24 мыңға жуық соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне жан-жақты құрмет көрсету ерекше екпін алды. Облыс әкімі Серік Біләлов бір топ соғыс, еңбек ардагерлерін қабылдап, мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыс етті. Оны бірінші болып Сапар Дүйсенов, Петр Глаков, Күлке Әубәкірова, Мұқатай Айтбаев алды. Аймақ басшысы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу халықтық мейрамға айналатынын, бірде-бір майдангер назардан тыс қалмайтынын айта келіп, Астана мен Мәскеу қалаларында өтетін мерекелік шараларға арнайы делегацияның жасақталғанын жеткізді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне республикадан және жергілікті жерден берілетін біржолғы жәрдемақының мерекеге дейін тиісті есеп-шоттарға аударылатынын, басқа да қаржылық қолдау-жеңілдіктердің қарастырылатынын мәлімдеді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.