• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Маусым, 2021

Анар Жаилғанова мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

713 рет
көрсетілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова «Facebook» әлеуметтік мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! 23 маусым-әлемнің барлық мемлекеттік қызметшілері үшін бірыңғай кәсіби мереке. 2002 жылғы 20 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеяның 57-сессиясында 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы қарар қабылдады.

Кейін, 2013 жылы Ел Президентінің Жарлығымен бұл күн Қазақстанның мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. Бүгінде 90 мыңға жуық қазақстандық өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде, олардың 42 мыңнан астамы өңірлерде жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының жартысынан астамын (55%) – әйелдер қауымы құрайды.

Осы күн қарсаңында Агенттік атынан мемлекеттік қызметті дамытуға және қойылған міндеттерді табысты іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін ағымдағы жылы 79 мемлекеттік қызметші ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен марапатталды.

Мемлекеттік қызметшілерге жүктелген жоғары жауапкершілікті, сондай-ақ олардың қызметінің маңыздылығын атап өткен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметті құрмайынша, басты мақсат - гүлденген Қазақстанды құру мүмкін емес», - деп айтқан болатын.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекеттік қызметшілерге маңызды реформаларды жүзеге асыру, елімізді дамыту, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін айрықша жауапкершілік жүктелетінін, азаматтардың заңды талаптарының орындалуы мемлекеттік қызметшілерге байланысты екенін атап өтті.

Мемлекеттік қызметтегі жұмыс жоғары жауапкершілікті, ұдайы өзін-өзі жетілдіруді, жоғары кәсібилік пен терең білімді талап етеді.

Сіздердің әрқайсыларыңыз мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды реформаларды іске асыруға, яғни халықтың әл – ауқатын арттыруға елеулі үлес қосып келесіздер.

Қазір covid-19 пандемиясы жағдайында мемлекеттік қызметшілердің алдында - халықтың тыныс-тіршілігінің барлық салаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы күрделі кезеңде сіздердің күнделікті және үйлесімді жұмысыңыздың арқасында мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.

Сіздерге елдің игілігі жолында атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін! Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, бақыт және барлық істеріңізге сәттілік тілеймін!», деді Анар Жаилғанова.