Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында АҚШ-та «Аманат» қазақ күйі антологиясының таныстырылымы өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Онлайн форматтағы іс-шараны Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі мен «Каспий саясаты орталығы» (Caspian Policy Center) бірлесіп ұйымдастырды.
Таныстырылымға «Сауап» қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, «Аманат» жобасының бiрлескен авторы Мүслім Хасенов, сондай-ақ Америкалық сыртқы саясат жөніндегі ұлттық комитеттің (National Committee on American Foreign Policy) президенті және бас атқарушы директоры Сьюзан М. Эллиотт модератор ретінде қатысты.
Елші Ержан Ашықбаев қазақ мәдениеті мен ұлттық музыканың ерекшеліктері туралы, оның iшiнде домбыра мен қобызда күй орындау ерекшелігі, сондай-ақ «Аманат» жобасына енген түпнұсқалық 500 мұрағаттық күйлер топтамасын қамтитын USB құрылғысы мен әр шығарманың сипаттамасы бар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітап туралы айтып өтті.
Б. Смағұл алғы сөзiнде «Аманат» жобасы аясында Қазақстан мен көрші елдердің түрлі архивтері мен қорларынан алынған бірегей музыкалық шығармалар жинақталып, цифрландырылғанын баяндады.
М. Хасенов бұл жобаның таныстырылымы алғашқы рет шетелде өтіп жатқанын және оның даналары Вашингтон, Нью-Йорк, Бостон және Сан-Францисконың ірі кітапханаларына, соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасына тапсырылғанын атап өтті.
Онлайн-көрермендерге домбыра, қобыз және сыбызғыда орындалған шығармалард ың бейнежазбалары ұсынылды.