Өңірімізде жыл сайын оқу жылының соңында республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында жүлдегер атанған жас дарындармен кездесу өтеді. Биылғы кездесуге олимпиадалардың 52 жеңімпазы және «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2021» дипломының иегерлері – мамандандырылған мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жалпы, облыстың дарынды оқушылар құрама командасы республикалық және халықаралық олимпиадаларда биыл 245 медаль жеңіп алған. Бұл медальдардың 37-сі халықаралық, 208-і республикалық деңгейде өткен жарыстарда берілген.
Республикалық олимпиаданың қорытындылары бойынша облыс құрамасы командалық екінші орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда-2021» сертификатымен марапатталды. Облыс құрамасы 14 алтын, 14 күміс және 23 қола медаль жеңіп алды.
Ал кездесуге келген дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер мен жалпы орта білім беретін мектептердің 50 оқушысын облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов алғыс хаттармен марапаттап, әрқайсысына 100 мың теңгелік сертификат табыс етті.
Сонымен бірге еліміздегі «100 үздік мектеп» қатарында көрінген дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің директоры Гауһар Бабықова, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің директоры Гүлнәр Жанғазы және №3 гимназия мектебінің директоры Қорлан Құсбекова да марапатталды.
Отбасында екі-үш баладан олимпиада жүлдегерлерін өсіріп тәрбиелеген, ерекше білім алуы үшін қамқорлық пен қолдау көрсеткен Жанат пен Әсем Дүйсембековтер, Вадим, Танзиля Бочкаревтар, Талғат Құсайынов пен Динара Құрмановалар сияқты ата-аналарға да ерекше құрмет көрсетілді.
– Біздің мектеп мұғалімдері О.Колдашева, Т.Рубцова, Л.Стадникова, Ю.Якутович, С.Васина математика, химия, ағылшын тілі, информатика пәндерінен жыл сайын олимпиада жүлдегерлерін дайындайды. Еліміздің болашағына үлес қосатын дарынды оқушыларымыз Д.Рахимжанов, А.Драганчук, Л.Владимир, А.Горьков, А.Шишкин, Д.Нұртаев, Ә.Мақашев сияқты оқушылармен мақтанамыз. Осындай дарынды бала тәрбиелеп өсірген ата-аналарға алғыс білдіреміз, – дейді лицей директоры Гауһар Бабақова.
Ал республикалық пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, бірінші орынды жеңіп алған көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы Карина Рабэ сынақтарды онлайн режімде тапсырып, олимпиадалық сайыстардың жаңа форматын меңгергенін айтты.
Облыс орталығындағы қала мектептерінің оқушылары Әсем Досмұхамбет, Алина Кузят, Ғұмар Ернұр, Нұрболат Аружан, Мартенс Мила, Виктория Бочкарева, Диана Вакулина, Богдан Борецкий, Аружан Жанат, Омар Закиров «Алтын медаль» иегерлері атанды.
– Мен де қалалық, облыстық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы атандым. Үлкен ізденіс, білімге талпыну Беркли Калифорния университетіне оқуға түсуге жол ашты. Сіздерге де үлкен жолда сәт-сапар болсын! – дейді кездесуге қатысушыларды құттықтаған облыс орталығындағы №39 мектептің 2009 жылғы түлегі Бауыржан Шайхин.
Бауыржанмен бірге Кенжекөл ауылы мектебінің түлегі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Ақжан Егінбаева да оқушыларға өз тілегін арнады.
– Олимпиада – жеке тұлға мен зияткерлік мүмкіндіктерді дамытуға арналған қуатты ресурс. Бұл сіздерге рухани күш пен қабілеттеріңізге сенімділік береді, – деді.
Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Антон Драганчуктың айтуынша, павлодарлық жас физиктер құрамасы өкілдерінің дарынды балаларға арналған №8 лицейдің мұғалімі Анатолий Билидасыз жетістікке жетуі мүмкін емес.
– Еліміздің ұлттық құрамасына әр өңірден ең үздік 20 физик жиналды. Бақылау тестінің нәтижесі бойынша 8 оқушы таңдалды. Биыл осы қатарда біздің лицейдің үш оқушысы болды. Біздер Назарбаев зияткерлік мектептері мен республикалық физика-математика мектептері сияқты белгілі оқу орындарының оқушыларынан да үздік атандық. Әрине, бұл жеңісіміз үшін Анатолий Билидаға рахмет! – дейді А.Драганчук.
Сондай-ақ дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия мектебінің оқушылары пән олимпиадаларында 40-тан аса республикалық, 50-ден аса облыстық деңгейдегі жүлделерге ие болды.
Мектеп директоры Салтанат Шабажанованың айтуынша, 10-сынып оқушысы Айжан Кенжебаева биыл халықаралық олимпиадаларда екі күміс, үш қола медаль иегері атанған. Мектепте оқушылар үшін Gymnasium LIVE, Daryn, My first Lab жобалары жүргізілуде.
Павлодар облысы