• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Елорда 24 Маусым, 2021

Елордада Қазақстанда шығарылған көліктердің көрмесі өтуде

336 рет
көрсетілді

Елордада Automechanica Astana және Futuroad Expo Astana халықаралық көрмесі ашылды. Көрме 26 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстанда шығарылған жеңіл автокөліктер көрмесін, жетекші автосалондардың тест-драйвын және ерекше тюнингтен өткен және ретро көліктер шоуын тамашалай алады. Ал автокөлік саласының мамандары үшін Қазақстандағы негізгі мәселелер – қалалық автобус тасымалын дамыту, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі, автобус билеттерін беруді автоматтандырудың бірыңғай жүйесін енгізу және тұтас саланы цифрландыру тақырыптарын талқылау қарастырылған.

«Әлемдік пандемия экономиканың көптеген салаларына теріс ықпалын тигізді. Әсіресе туризм саласында төмен көрсеткіштер байқалады. UNWTO мәліметіне сәйкес, 2020 жылы әлем бойынша туристер саны 74 пайызға азайған. Халықаралық және ішкі жолаушылар ағынында да азаю бар. 2020 жылы халықаралық рейс жолаушылары 76 пайызға, ішкі рейс жолаушылары – 19,5 пайызға кеміген. Теміржол көлігінде де пандемия кезеңінде жолаушылар 39,4 пайызға азайды», деп атап өтті «AstanaInvest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқармасының төрағасы Ержан Балтаев.

Оның айтуынша, елдің туристік әлеуетін арттыруды мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сәуір айында ел Президенті туристік сала мәселелері бойынша түзетулерге қол қойған. Туристік автотасымалдау арқылы қазақстанның туризм саласын дамыту бөлек тақырып ретінде талқыланбақ.

«Қолжетімді көлік – туризмді дамытудың негізі факторы болып саналады. Нұр-Сұлтан қаласының туристік әлеуеті жоғары. Көлік саласында қызмет көрсету деңгейі артқан жағдайда туристердің де келуі артады. Туристер тарапынан қала бойынша және қалааралық тасымалға автобуспен турға шығуға сұраныс бар. Туристерге жайлы жағдай жасау үшін және қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін «VisitNur-Sultan» әріптестік бағдарламасын әзірледік.

«VisitNur-Sultan Transport» бағдарламасы көлік және логистикада қызмет көрсететін компанияларға арналған. Себебі туристерге ең алдымен көлік қызметі қажет. Біздің негізгі міндетіміз – халықаралық деңгейде труистік сервисті дамыту, көлік қатынасы кезінде жайлы жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сол себепті Automechanica Astana және Futuroad Expo Astana халықаралық көрмесі сияқты салалық шараларға қызығушылықпен қараймыз», деді Ержан Балтаев.

Көрме пандемияда өтіп жатқандықтан, ұйымдастырушылар қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Әрбір келуші Ashyq қосымшасында тексеріледі және тегін экспресс тесттен өте алады. Негізгі шаралар ашық аспан астында өтеді. Мұның барлығы көрмеге келушілердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.