• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Маусым, 2021

Кибершабуылға қалай тосқауыл қоямыз?

1047 рет
көрсетілді

Биылдан бастап ІІМ Алматы акаде­миясында киберқылмысқа қарсы кү­рес жүргізетін қызметкерлер арнайы маман ретінде даярлана бастады. Бұл қарапайым адамдарды қан қақсатқан мұндай қылмыстың күн санап көбейіп бара жатқанын аңғартады. Бір шетінен соңғы кезде тым жиілеп кеткен онлайн алаяқтарға қарсы күрестің тағы бір тың тәсілі іске қосылмақ.

Соңғы 1-2 жылдың көлемінде елімізде интернет саласындағы қылмыстар екі есеге артқан. Мамандар интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың артуына онлайн жасалатын қызметтердің дамуы да түрткі болып отыр дейді. Онлайн алаяқтардың арбауына түскен азаматтар өткен жылы 67 млн теңге қаржысынан айырылып қалған.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде соңғы бір жылда киберқылмыс жасаған 450 адам жауапкершілікке тартылған. Алайда интернет арқылы алданып жатқан азаматтардың саны күн сайын артпаса, азаймай отыр. Оның үстіне, соңғы кезде өзге мемлекетте отырып-ақ еліміздегі қарапайым тұтынушыларды құрықтарына түсіріп жүргендер көбейген. ІІМ-нің мәлімдеуінше, биылдың өзінде Ресей, Беларусь, Украина елдерінде жүрген алаяқтардың Қазақстан азаматтарын алдаған 3 мыңға жуық фактісі тіркелген.

Осыған орай, Ішкі істер министрлігі елі­міздегі Киберқылмыспен күрес орталы­ғының жұмысын күшейтіп, тек осы қылмыстарды ашуға мамандандырылған арнайы топтарды құруды қолға алған. Сондай-ақ министрлік интернет алаяқтықпен бірлесе күрес жүргізу үшін шет мемлекеттермен қарым-қатынас орнатып, бұл бағытта тығыз жұмыс істеуге ерекше мән беріп отыр. Қазіргі таңда ІІМ Ұлт­тық банк және екінші деңгейлі банк­термен тығыз қарым-қатынас орнатып, аза­мат­тардың жеке мүлкін қорғау үшін нақты сақ­тық шараларын іске қосқан.

Киберқылмысқа қарсы күресу үшін Ал­маты академиясында мамандар даярлау да осындай уақыт талабынан туындап отырған шешім. Анығын айтқанда, мұндай шешім өткен жылы қабылданған болатын. Алайда түрлі хакерлермен қалай күресуге үйренуді полиция қызметкерлері биыл бастады. Енді олар тек ғана қоғамдық тәртіптің күзетшілері емес, ІТ маманы, бағдарламашы да болады.

«Соңғы кездері интернет, ұялы телефон, WhatsApp арқылы жасалатын алаяқтар­дың көбейіп кеткені белгілі. Қылмыс әлемі ен­ді онлайн режімде жұртты алдауға кірісті. Қа­­­шықта отырып қарапайым жұртты қан қақ­сататын мұндай қылмыстар күн сайын түрленіп, тәсілі өзгеріп, саны артып барады. Сондықтан да технология күн сайын өзгеріп жатқан қазіргі заманда киберқылмыспен күресу өте маңызды болып отыр», дейді Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Ділбарханова. Академия өкілінің мәлімдеуінше, киберқылмыспен күрес мамандығына осы саладан тәжірибесі бар кадрлар тартылады. Оларды даярлауға басқа да ұйымдар мен мекемелер қатысуда.

Қазіргі таңда киберқылмыстың Қа­зақ­станды ғана емес, бүкіл дүниежүзін алаң­датып отырғаны белгілі. Елімізде де кибершабуылдардан сақтану шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» Жолдауында киберқылмыс­қа қар­сы күресті күшейту туралы шаралар­­ды қабылдауды міндеттеген болатын. Осы­­ған орай, стратегиялық құжатта алға қо­йыл­ған міндеттерді іске асыру мақсатында Ки­бер­қауіпсіздік тұжырымдамасы (Қазақ­стан­ның киберқалқаны) қабылданды. Атал­ған тұжырымдамада «Ақпараттық қауіп­сіздік қауіп-қатері – әбден болуы мүм­кін оқиға, процесс немесе құбылыс, ол ақпа­рат­қа немесе ақпараттық жүйенің немесе ресурстың компоненттеріне әсер ету арқылы иеленушілер мен пайдаланушылардың мү­д-­ де­леріне тікелей немесе жанама зиян кел­тіруге әкеліп соқтыруы мүмкін», деп атап көрсетілген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірлеген «Киберқалқан» жүйесі тек мемлекеттік жүйе­ні бақылауға алады. Сондықтан кәсіпкер­лер мен банктер, ұлттық компаниялар кибер­шабуылдан өздері қорғануларына тура келеді. Хакерлердің жиі қолданатын тәсілі – компьютерге шабуыл жасау. Кибершабуылшылар компьютердегі ақпаратқа бағдарламалық-ақпараттық құралдарды қолдана отырып қол жеткізе алады екен. Сондықтан кәсіпкерлер, банктер, компаниялар және жеке адамдар өз компьютерлерін өздері қорғаулары қажет. Кибершабуыл Қазақстанда да жылдан-жылға жиілеп барады. Оның дәлелі – соңғы кезде киберқылмысқа қатысты арыз-шағымдардың күрт көбейіп кеткені.

Ең қауіптісі – қазір хакерлер жеке адам­дардың деректеріне ғана емес, компаниялар мен ресми органдардың сайттарын бұзып кіре бастады. Бұл дегеніміз – мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қауіп.

Ірі компаниялар мен жеке кәсіпорын­дардың, банктердің есепшотына бұзып кіруді айтпағанда, әлеуметтік желіде хакерлердің қарапайым адамдардың жеке телефондарына шабуыл жасайтынын жиі ести бастадық. Соның бір мысалы – фейсбук парақша­сын пайдаланушылардың бірі Сәуле атты ке­ліншек өз парақшасында күйеуінің ұялы теле­фонын белгісіз біреу бұзып кіріп, ватсап ар­қылы телефон иесінің атынан арзан жанармай ұсынып, сол желіде отырғандардан алдын­-­ала төлем жасау қажеттігін түсіндіріп, ақша жинай бастағанын жариялағанда, «өзімнен бас­қа ешкімнің мүлкі емес» деп күнделікті жанқалтамыздан түспейтін телефонымызға күдікпен қарай бастадық. Тіптен қазір бір-бірінен өш алу үшін өштескен адамының атынан жалған аккаунт ашып, небір сұрқиялық әрекеттер жасап жүргендер де бар.

Бүгінгідей жаһандық бәсекелестік жағ­­дайында еліміздің тұрақты дамуын қам­та­масыз ететін факторлардың бірі – кибер­қауіпсіздік десек, қылмыстың осы түрін ашу­мен айналысатын мамандар даярлаудың маңызы айтпаса да түсінікті. Ақпараттық жағынан да, экономикалық даму жағынан да бізден озық елдерде киберқылмыс ертерек пайда болғандықтан, оларда киберқауіпсіздік шаралары да, киберқылмыстарды ашумен және тергеумен айналысатын мамандар даяр­лау да ерте қолға алынды. Қазақстанда дәл қазір мұндай қылмысқа қарсы дер кезінде ден қойып, қарсы тұру жоғары деңгейде дамымаған. Оған киберқылмысқа қатысты тіркелген арыз-шағымдардың ашылғанынан ашылмай қалғанының басым екені дәлел.

«Киберқылмыстарды ашудағы негізгі проб­лема – интернет алаяқтардың басқа ел­дің аумағында отыратыны және қармағына түскен адамдардан ақша аударып алған соң, интернет желісіндегі мекенжайларын дереу өшіріп тастайтыны. Ал интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың көбеюіне адамдардың өздері «көмектесуде». Алаяқтарға құпия сөз­дері мен банктік карточкаларындағы де­рек­терді өздері беріп, киберқылмыстың құ­рығына өздерінің қалай ілінгенін байқамай қалады. Сондықтан тұрғындар арасында алаяқтық тәсілдеріне қалай қарсы тұруды кеңінен насихаттау керек», дейді Алматы облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы Асхат Данияр.

Ішкі істер органдарында киберқыл­мыс­тарды ашумен және тергеумен айналысатын мамандар даярлау ісі, олардың кәсіби шеберлігі қандай деңгейде деген сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Ең алдымен, қазір Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орындарын реформалау нәтижесінде қиын түйіннің күрмеуі шешіліп келеді. Бүгінгі күннің сұранысы бейімді білім беру ортасын және оқытудың әртүрлі деңгейлік жүйесін қалыптастыруды талап ететіні сөзсіз.

Бүгінде ІІМ-нің ведомствалық білім бе­ретін мекемелер жүйесі білім алушылардың инновациялық тәсілдер негізінде өзін өзі таныту мен өзінің қабілетін өзі анықтауға жағдай тудыру бағытында жұмыс істеуде. Яғни оқу процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, соның ішінде қосымша білім беру арқылы біліктілікті арттыру жол­ға қойылуда. Ішкі істер министрлігінің қосымша білім беру жүйесінде кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау ішкі істер органдарында кәсіби қызметпен айналысатын кадрлардың негізгі білімнен ке­йін қосымша білім алуларына, кәсіби ше­берліктерін шыңдауларына қолайлы мүм­кіндіктер тудырып отыр. Қазіргі жаңа заң­намалардың талаптарына сай жұмыс істеу бүгінгі мамандардан тек Қазақстанның емес, шетелдердің де қылмысқа қарсы күрестегі озық тәжірибелерін зерттеуді талап етуде. Бұл бағытта оқу орындарында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Атап айтқанда, қосымша кәсіби білім беретін мамандандырылған бөлімшелер құрылуда. Соның бірі ІІМ-нің Алматы академиясында осыдан он бес жыл бұрын құрылған Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық оқу орталығы және Лаңкестікке қарсы маман­дар даярлайтын орталықпен қатар, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап академияның кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау факультетінің жанынан Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау орталығы ашылған болатын.

«Аталған орталық ішкі істер органдары және басқа да мемлекеттік органдар үшін білікті кадрлар даярлау мақсатында кибер­қылмыстарды ашумен және анықтаумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттырумен шұғылданады. Жедел қызмет саласы­ның мамандарына қажетті біліктілікті арт­тыру бүгінде ішкі істер органдарына аса қа­жет. Білім беру жүйесін құрған кезде шетел­дер­дің киберқылмысқа қарсы күрес және осы сала мамандарын даярлау тәжірибесін зерт­тедік. Орталық құрылған күннен бас­тап түрлі халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттердің елшіліктерімен және өзі­міздің жетекші жоғарғы оқу орындары­­мен тығыз қарым-қатынас орнатып, респуб­ли­калық және халықаралық деңгейде семинар, вебинар және дөңгелек үстел өткізумен қатар, ғылыми тәжірибелер де жасауда», дейді ака­демия бастығының орынбасары Жанат Ділбарханова.

Ол еліміздегі киберқылмысқа қатысты криминалдық ахуалдың қазіргі үрдісі және онымен күресу үшін ішкі істер орган­да­рының қызметкерлері жоғары технология­ларды, оның ішінде қылмыстық мақсатқа қолданылатын технологияны жақсы мең­герулері керек екенін атап өтті. Қылмыс­тық мақсатта қолданылатын технологиялар­ды жақсы меңгеру киберқылмыстың алдын алуға және орын алған қылмыстарды ашуға кепілдік береді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жө­нін­­дегі орталықта жыл басынан бері қа­шық­­тан оқыту бойынша біліктілікті арт­тырудың 9 курсы өткізіліп, 200-ден астам маман біліктілігін арттырған. Соның ішінде «Жаңа техникалық құралдар мен сандық технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, анықтау және ашу», «Ақпараттық технология аясындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен ашу», «Балалар порнографиясын интернет желісінде таратуға қарсы әрекет», «Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзуды анықтау және ашу», «Тергеу әрекеттері және жедел іздестіру шарасын техникалық және криминалистік жағынан қамтамасыз ету» тақырыптары қамтылған.

Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының қызметкерлеріне озық техникаларды пайдалана отырып, жүйелі әрі ойланып жұмыс істеу керек екенін, өйткені қылмыскерлер де осындай озық техниканы пайдаланатындығын ескертті. Сондай-ақ Президент электронды қылмыстық істерді тергеуді жаңа деңгейге көтеруді тапсырған болатын.

Ақпарат қауіпсіздігі – тек бір елдің ғана емес, тұтастай адамзаттың алаңдаушылығын тудырып отырған мәселе. Өйткені қазір жетілген компьютерлік қылмыс әлемдік дең­гейге шығып отыр. Мұндай жаһандық қылмыстармен күрес тек барлық елдің құқық қорғау органдары бірлесе іс-әрекет еткенде ғана нәтижелі болмақ.