Бұл – Ұлттық экономика министрлігінің дәл қазіргі уақытқа арналған ресми болжамы. Ведомство Қаржы министрлігімен және Ұлттық банкпен бірге болжамның келесі кезеңі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталмақ.
Министр Әсет Ерғалиевтің айтуынша, ел билігі биыл экономиканың өсімі 3,5 пайыздан жоғары болатынын мәлімдеді. Демек, болжамның келесі кезеңінде көрсеткіштер көтерілуі мүмкін. Бұл бес айдың қорытындысы бойынша өсімнің 1,6 пайыз деңгейінде қалыптасуымен байланысты. Себебі болжамның бұған дейінгі кезеңінде өсім 1,2 пайыз болады делінген еді.
– Халықаралық тауар және биржа нарықтарындағы бағалардың тұрақталуы байқалып отыр. Бүгінде мұнайдың баррелі 75 доллар деңгейінен жоғары. Тұтастай алғанда, әлемдік экономиканың жылдам қарқынмен қалпына келе бастағанын көріп отырмыз. Сондай-ақ ел экономикасындағы ішкі сұраныстың тұрақтануы қызмет көрсету секторының өсуіне алып келді. Әлбетте, экономикалық өсім, іскерлік белсенділіктің қарқыны вакциналауға тікелей байланысты болады. Негізгі капиталға, әсіресе экономиканың жетіспейтін секторларына инвестиция тарту қарқыны екі таңбалы мәнмен өсіп келе жатыр. Мұндай фактордың орын алғаны қуанышты, әрине. Барлық фактордың негізінде болжамды мәндерді арттыру қажет деп санаймыз, – деді Ә.Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, контрциклдік макроэкономикалық саясат экономиканы қолдаудың және ішкі сұранысты ынталандырудың теңдессіз шараларын қамтамасыз еткен.
– Құрылыс индустриясында 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Біз ТМД бойынша жан басына шаққанда тұрғын үйді пайдалануға беруде бірінші орында тұрмыз. Сондай-ақ экономиканың нақты секторы өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Бұл қарқын төмендемейді. Сондықтан біз өз болжамдарымызды арттыратын боламыз. Көрсеткіш шамамен 3,5 пайыздан 4 пайызға дейінгі дәлізде болады. Жеті айдың көрсеткіштерін 1 қыркүйекке дейін күтеміз және соның негізінде болжам жасаймыз. Меніңше, инфляция Ұлттық банктің осы жылға белгілеген 4-6 пайыз дәлізінен жоғары болады, – деді министр.
Бұдан бөлек, Ә.Ерғалиев елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру қадамдары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан экономиканың нақты секторына кешенді қолдау көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, импортты алмастыру, экономика жобаларын қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
– Инвестициялық жобалар елімізде базалық азық-түлік өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігінде осы бағытта нақты жоспар, инвестициялық жобалар бар. 2024 жылға дейін Қазақстан экономикасы мен халқымызды базалық азық-түлікпен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсаты тұр, – деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, бұл салада көп жағдай инфрақұрылымның тиімділігіне байланысты болады. Сондықтан Сауда министрлігі ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның аясында 24 көтерме-тарату орталығын салу жүзеге асуда. Олар тауарды жеткізу мен сақтаудың заманауи логистикалық желісін құруға негізделген. Бұл қадамдар тауарды өткізуде делдалдарды болдырмайды деп күтілуде.
– Осындай шешімдер өнім сапасына, бағасына әсер етіп, халыққа азық-түлік тауарларының қолжетімдігін арттырады, – деді Ә.Ерғалиев.
Министр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы жұмыстар жалғасатынын алға тартты. Екі жыл ішінде бағдарлама бойынша 238 ауыл қамтылып, 1,5 мың нысан салынып, жөнделген.
– Тиісті жұмыстар биыл да жалғасады. Әрбір ауылға арналған әр жоба нақты бақылауда болады. Жоба аясында инфрақұрылымды жөндеуге, тартуға, әлеуметтік нысандар салуға 2025 жылға дейін 800 млрд теңге бағытталады. Осы жобалар арқылы әрбір ауылды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі. Сондай-ақ кең жолақты интернет желісімен толықтай қамтылады. Жергілікті жолдардың 95 пайызы салынып, жөнделеді, – деді ол.
Жыл басында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бекітілгені белгілі. Осыған байланысты мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Ұлттық жобалар нақты міндеттерді, нақты нысаналы индикаторларды, нақты шараларды қамтитыны анық. Олардың барлығы бюджеттен де, жеке ресурстардан да қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етіледі. Министрдің сөзінше, шараларды талдау осы жылы аяқталады.
– Мемлекеттік қолдау шараларына қатысты қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Осы жұмыс шеңберінде біз мемлекеттің қолдау шараларынан кезең-кезеңімен шығу стратегиясын анықтаймыз. Бірақ бұл эпидемиялық жағдайға, халықты вакциналау қарқынына тікелей байланысты болады. Жұмыс Үкіметтегі, Ұлттық банктегі, Қаржылық реттеу және қадағалау агенттігіндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүргізілуде. Күзге қарай бізде нақты көзқарас пен жоспар болады деп ойлаймын, – деді Ә.Ерғалиев.
Сонымен қатар Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер кезең-кезеңімен төмендейтін болады. 2021 жылдың өзінде кепілдік берілген трансфертті 2,7 трлн теңгеге дейін, 2022 жылы 2,4 трлн теңгеге дейін, 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін қысқарту көзделген. Министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша кепілдендірілген трансферттер мақсатты сипатқа ие. Яғни олар тек әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму мәселелеріне ғана бағытталатын болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап контрциклдік бюджеттік ереже іске асырылмақ. Ол мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қордағы қаражатты үнемдеуге, ал төмен болған кезде теңгерімділік үшін бюджетке иек артуға мүмкіндік береді.