Жуырда Үкімет тапсырмасына орай «Екібастұзды дамыту стратегиясы – 2021-2023» бағдарламасы басталды. Жоспарға сәйкес тұрғындар санын 200 мыңға дейін көбейтіп, қаланы дербес экономикалық орталыққа айналдыру керек. Өмірге жайлы қауіпсіз орта мен адами капиталды дамытуға мүмкіндіктер жасап, қала экономикасының құрылымын эволюциялық түрде өзгерту қажет.
Осы маңызды бағыттағы тұжырымдама аясында алдағы үш жылда 3,5 мың отбасы үшін 213 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Сондықтан да болар, Екібастұз қазір өңірдегі нағыз құрылыс орталығына айналғандай. Былтыр қала әкімдігі 2021 жылы қалада 630 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп хабарлаған-ды. Яғни жыл сайын 68,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған дейін Екібастұзда мұндай құрылыс көлемі мен тұрғын үйлер салынбаған.
Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, өткен жылы 1 мыңнан астам пәтері бар 13 көп пәтерлі үй салынған. Бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша бөлінген 11 млрд теңгеден астам қаржының көп бөлігі тұрғын үй құрылысына тиесілі. Жаңадан бой көтерген және қайта жаңартылған үйлер саны – 12. Ал 9-шы шағын аудандағы №4 үйдің құрылысы мемлекеттік қызметшілер тарапынан бақылаудың әлсіздігінен кеш аяқталып, тиісті адамдар жауапқа тартылды.
Кезекте тұрған 646 отбасы жалға берілетін тұрғын үйге ие болды. Олардың арасында 132 көпбалалы отбасы, 123 жетім балалар және 83 бюджеттік сала қызметкерлері, 308 әлеуметтік топ санаттарындағы жандар пәтер кілттерін алды.
Өткен аптада қалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2021» бағдарламасы бойынша Қ.Сәтбаев көшесі, 37 мекенжайында жаңадан салынған 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Үйлер 37/1, 37/2 деген бөліктерімен бөлінген. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл 6 тұрғын үйде 432 пәтер бар. Жаңа үйлерден пәтерлерді көпбалалы отбасылар, жетім балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және үй кезегінде тұрған тұрғындар иеленді. Бұл қазіргі есепте тұрған жетім балалар мен көпбалалы отбасылардың қажеттіліктерін толық қанағаттандырып, әлеуметтік осал азаматтар мен бюджет қызметкерлерінің кезегін төмендетуге мүмкіндік беруде. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар Гүлжанар Келдібекова, Назгүл Оралқызы, Риза Құрманғалиева, Эльвира Сапарбекова, Махаббат Ахметова, Жібек Уақбаевлар үйлі болды.
– Біз, көпбалалы аналар бүгін пәтер кілттерін алдық. Өте қуаныштымыз. Біз әлемге әйгілі қала Екібастұзда тұрамыз! Осылай мақтанамыз. Балаларымыз осы жерде өсіп келеді, бұл – мерей, байлық. Жақсы қуанышты күндер, қоныстойлары көп бола берсін! – дейді Айжан Қуандыққызы.
Сонымен бірге, А.Щербачук, С.Шакенов, Д.Шакенова, А.Қалиасқарова, Н.Оразбаев секілді ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көптеген аз қамтамасыз етілген әлеуметтік әлсіз отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері де өз пәтерлеріне қол жеткізді.
Иә, «Біз Екібастұзда тұрамыз!» дейтін тұрғындар саны көбейе берсін, үйлер де бірінен соң бірі бой көтеріп, кеншілер қаласы өсе берсін.
Павлодар облысы