• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2021

Шымкенттегі инвестициялық штабта жаңа жобалар ұсынылды

181 рет
көрсетілді

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен кезекті Инвестициялық штабтың отырысында 9 жаңа жоба ұсынылды. Жоба жетекшілері «ZOOM» платформасы арқылы қосылып, өзекті мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәселен, «Шымкент Темір»  ЖШС-і өндірістік қуаты жылына 300 000 тонна болатын үздіксіз құйылған дайындама, ұсақ сұрыпты болат және созба сым өндіру зауытын салу және өндірістік қуаты жылына 360 000 тонна тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытын салу туралы жобасын ұсынды. Аталған жобаларға «Жұлдыз» индустриялды аймағынан 100 гектар жер бөлінген. Жоба іске қосылған сәтте 1500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Қажетті инфрақұрылымдық жүйелер қосылған кезде құрылыс жұмыстары басталады. Қала әкімі аталған жобаны өзінің жеке бақылауына алып, әр ай сайын арнайы кездесу ұйымдастыруды тапсырды.

Келесі таныстырылған жобалардың бірі - «Medcomfort» ЖШС. Ол медициналық жиһаз, медициналық жабдық және медициналық маскалар өндірумен айналысылады. Өндіріс иесі кәсіптің қуаттылығын арттыру мақсатында әкімдіктен жер сұрады. Шаһар басшысы жаңа индустриалды аймақтан орын беру жөнінде шешім қабылдады.

«Күзде «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы инфрақұрылым мәселелері толық шешіледі. Сол кезде құрылысты бастай берсеңіз болады. Жерді рәсімдеуді сала басшыларына жүктеймін», деді әкім.

Сонымен бірге, штаб отырысында модульді үйлер салу, жекеменшік мектеп салу, полиэтиленті қайта өңдеу, темір-бетон бұйымдарын өндіру, тұрғын-үй кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды.

Жиынды қорытындылаған Мұрат Әйтенов әрбір жоба апта көлемінде тереңінен зерделеніп, екі тарапқа да ұтымды шешім шығарылу керектігін айтты.