Картоп, сәбіз сияқты «аса бағалы» өнімдер қатарына құрылыс материалдары да келіп қосылды. Тұтынушылар базарда қажетті материалдар екі-үш есе қымбаттап кеткенін айтып та, жазып та жатыр. Әсіресе, болат жайма, арматура, швеллер стандартты профилі, темір бетон, цементтің құны аспандаған.
Тұтынушылар не айтады?
Мәселен, былтыр жазда болат жайманың тоннасы 190-230 мың теңге болса, желтоқсанда 300-ге, қаңтарда 350-ге, мамырда 400-ге көтерілген. Маусым айындағы бағасы 480 мың төңірегінде болып тұр.
Ұлттық статистика бюросы мынадай деректер келтіреді: қалыңдығы 4 мм-ге дейінгі қаңылтыр болат 65 пайызға, диаметрі 12-14 мм болатын, А-I класындағы ыстық илектелген арматура 58,3 пайызға, биіктігі 80 мм-ге дейінгі швеллер 35 пайызға қымбаттаған. Жыл басталғалы құны өскен материалдар қатарында бетон (+12%), цемент (+5%), полиэтилен құбырлары (+10%) және силикат кірпіші де (+6%) бар.
Серік Зиятов есімді желі қолданушысы «Бір жыл ішінде профлист бағасы бірнеше есе өсіп шыға келді, қымбатшылық қысып барады, ал билік болса қауқарсыз», деп ашына жазды.
«Дәл бір жыл бұрын аула қоршадым. Сол кезде 53 метр жерге 146 мың теңгеге профлист алған едім. Шаршы метрі 1830-дан еді. Биыл ерте көктемде көршім айналасын қоршауға профлист алды. Былтырғыдан біраз қымбаттап, 2 700 теңге болған екен. Өзімше ертерек жасап алғаныма шүкіршілік қылғанмын», дейді ол.
Содан кейін арада бір ай да өтпей, таксиші жігіт профлистің шаршы метрі 3100 теңгеге шарықтағанын айтқан. «Үй салған екен, енді соның айналасын қоршағысы келгенмен, тауы қайтып қалыпты. Бүгін ғана боялған профлистің шаршы метрінің құны 3 900 теңгеге дейін өскенін білдім. Демек, бір жылдың ішінде 100 пайызға шарықтап тұр ғой. Қазақстанда профлистке қажетті қаңылтыр бар. Бірақ өзіміздің өнімді шетелге сатамыз. Ал керісінше, еліміздің кәсіпкерлері қажетін Ресейден алады. Билік тарапынан ішкі мүмкіншіліктерімізді пайдалануға ұмтылыс, протекционизм деген мүлде байқалмайды. Сосын баға шарықтамағанда қайтеді?» деп жазады С.Зиятов.
Мақсат Рамазанның айтуынша, Алматыдағы «7 құрдас» базарында OSB материалының бағасы екі есе шарықтап кеткен.
«Мынау OSB деп аталатын құрылыс материалы. Тура бір ай бұрын «7 құрдас» базарында әр данасы (ең жұқасы) 3700 теңге тұратын (былтыр 2900-3000 теңге болған). Ауылға кетер кезде алмай кеткенмін, келгесін алармын деп. Енді бағасы 8500 теңгеден тұр. Екі есе өскен. Базардағылардың көбісі «сатуға шығарып жатқан жоқпыз» дейді. «Неге?» деп сұрасам, «Ажиотаж боп кетті, көбісі бізді кінәлайды, бірақ қымбаттатып отырған біз емес. Абыр-сабыр басылғасын шығарамыз дейді», деп жазды Fecebookтегі парақшасында.
Министр уәжі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауы – әлемдік тенденция. «Көптеген ел экономикалық дағдарыстан енді ғана шығып жатыр. Сол себепті, бізде де, көршілерде де құрылыс металдарының, арматуралардың бағасы қатты өсуде», дейді министр.
Ведомство басшысының сөзінше, биылға жоспарланған тұрғын үй көлемі де бағаға өз әсерін тигізіп отыр.
«Бізде Ресеймен баға айырмашылығы шамамен 5 пайыздай. Арматураны негізінен Ресейден сатып аламыз. Өзімізде де өндіріс бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Құрылыс қарқынды жүруде. Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Бұл да баға параметріне әсер етеді. Ал цемент өндірісі өзімізде жеткілікті деңгейде. 12 зауытта 15 млн тонна цемент өндіріп отырмыз. Ал құрылыс саласының сұранысы – 9,3 млн тоннадай ғана. Биыл төрт айда былтырмен салыстырғанда 30 пайызға көп цемент шығарып үлгердік. Ал қазір қолдан жасалған ажиотаж жүріп жатыр. Сол жағдай баға өсіміне алып келді» дейді Б.Атамқұлов.
QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Ербол Әкімбаевтың айтуынша, Қазақстанда цемент тапшылығы болуы мүмкін емес.
– Қазақстан 2020 жылы 9,6 млн тонна цемент тұтынған. Яғни нарықта тағы 7 миллиондай цемент артылып қалған деген сөз. 2018-2020 жылдары Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облысындағы екі зауыт жабылып қалған. Біздің нарық кішкентай болып, өнімдерін сата алмаған соң осындай жағдайға ұшырап отыр. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден келетін цемент импортына 6 айға шектеу қойды, – дейді Е.Әкімбаев.
Риелтор Марина Грушинаның байламынша, бағаның өсуіне Ресейге салынған санкциялардың әсері байқалады. «Материалдар бағасы 30-дан 80 пайызға дейін өсіп кетті. Негізгі масса Ресейден келеді. Санкция салдарынан және сұраныстың көп болуынан баға шарықтап сала берді» дейді маман.
Нарық өкілдері не дейді?
Баға өсімін тежейміз, тиісті шараларды қолға аламыз, бұлай бетімен жібермейміз деген сарындағы жиындар мен жиналыстар молынан өтіп жатыр. Бірақ бағаның тұрақталар түрі байқалмайды.
Алматыдағы құрылыс базарларының бірінде сатушы болып жұмыс істейтін азамат кішігірім тауарлар да қымбатшылықтан қалысып жатқан жоқ дейді.
– Кез келген үй салатын, жөндеу жасайтын азамат арматураны сатып алады. Ал оның бағасы соңғы үш айда 110 мыңға қымбаттап кетті. Шамалы уақыт бұрын ғана 270-280 мың еді, қазір 380-390 мың теңге. Пеноплекс Қапшағайда өндіріледі. Бағасы қымбат. Әрі өзі де тапшы болып тұр. Электротауарлар да қалысып жатқан жоқ. Олар негізінен Қытайдан тасымалданады – шпатель, шруповерт, бұрандалы шеге қымбаттауда. Кейбір заттардың құны 35 пайызға дейін өсіп кетті, – дейді Жалғас Насифулла.
MS group of companies директоры Қайрат Бимағамбетов бағаның көтерілуі себебін білмейміз, қалай болғанда да нарықтағы ахуалға бейімделіп жұмыс істеуге тура келеді дейді.
– Баға көтерілуін әркім әртүрлі болжайды. Біреулердің айтуынша, Ресей зауыттарында жұмыс істейтін мигранттардың елден кетіп қалуы осыған себеп болған. Біз негізінен құрылыс тауарларын Қытайдан тасимыз, олардан бұрандалы шеге, болт, тор сатып аламыз. Бірақ логистика тұрғысынан қиындықтар туындауда. Материал таситын контейнерлердің жетіспеуі бағаны екі есе көтеріп жіберген. Сондықтан құрылыс материалдарын негізінен Қытайдан таситын елдерде тапшылық болып жатқан сияқты. Контейнер тапшылығы бүкіл әлемге тән болып отыр. Әсіресе Перу, Аргентина елдеріне жіберілген контейнерлер кері қайтпай қалған, – дейді.
Кәсіпкердің айтуынша, пандемияға қарамастан былтыр сауда жақсы жүрген. Сауда көлемі биыл тіпті өсе түсті дейді.
– Былтыр біздің интернет-дүкеніміз жұмыс істеп тұрған. Соның арқасында да сауда жақсы жүріп жатты. Биыл жағдай тұрақталды. Қаңтар-ақпан айларында қоймаларымызды тауарға толтырып қойғанбыз. Сұраныс ойдағыдай. 2020 жылмен салыстырғанда саудада өсім бар. Мемлекет те құрылыс саласына ақша құйып жатыр. Оның үстіне азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын да пайдалана бастады. Сөйтіп азаматтар тарапынан сұраныс тоқтаған жоқ, – дейді Қайрат.
Қайрат Бимағамбетовтің компаниясы гипсокартонға арналған профиль де өндіреді. Шикізатты Қарағанды зауытынан алады.
– Бізге девальвацияның әсері болмауы керек еді. Өйткені шикізатты өзімізден алып тұрмыз. Алайда олар шикізат бағасын өсіреді. Инвесторлар талап ете ме, әлде несие міндеттемесі доллармен бе, әйтеуір, шикізат қымбаттап кетеді. Міне, сол себепті, біз де өнімнің бағасын өсіреміз. Меніңше, нарықтағы қымбатшылық осылай қалыптасады. Мұнай саласы да осыған ұқсас қой. Мұнай – өзіміздікі. Зауыттарымыз бар. Бірақ жыл сайын жанар-жағармай қымбаттайды. Себебі, түсініксіз, – дейді компания басшысы «Egemen Qazaqstan»-ға берген жауабында.
Тұрғын үй нарығының күйі не болмақ?
Құрылыс материалы мен тұрғын үй нарығы бір-бірімен селбесіп жатқан сала, сәйкесінше, базардағы баға өсімі шаршы метрдің де шарықтауына ықпал етеді.
Жалпы, біз нарықтағы үйлердің арзандауын ұмытқалы қашан. 2021-дің қаңтар-мамырында бірінші нарық баспаналары 8 пайызға қымбаттаған. Екінші нарық үйлері 13 пайызға шарықтады. Ал отандық құрылыс материалдарының бағасы 16 пайызға артқан.
Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, қазақстандық өндірушілердің бағасы импорттық тауар бағасынан төмен болуы керек еді. Алайда цемент бағасы жыл сайын 12-13 пайызға қымбаттауда.
«Батыс өңірлерде цемент Ираннан тасымалданады. Әрі Иран цементі біздің цементтен арзан. Жалпы, үй құнындағы құрылыс материалдарының үлесі – 60 пайыз. 2020 жылмен салыстырғанда кейбір материалдар бағасы 60 пайызға өскен. Арматура 64 пайызға өскен. Бір жылда теңге 31 пайызға құнсызданды. Бұл отандық өнімдердің қымбаттауына әсер етеді» дейді Т.Ерғалиев.
Осы мәселеге орай арнайы пікір білдірген Orda Invest корпорациясы басқармасының төрағасы Шалқар Тәліпов құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты баспана бағасын да көтеруге мәжбүр болғанын айтады.
– Соңғы 6 айдың ішінде қара металл 80 пайызға қымбаттап кетті. Біздегі 5-6 зауыт өнімдерінің сапасы төмен. Теміртаудағы зауыттың ғана сапасы жоғарылау. Бірақ сонысын бұлдап олар да бағаны көтеріп отыр. Одан бөлек түсті металдардың бағасы, кабель өнімдері, электр құрылғылары, алюминий профилі, шыны, кірпіш, бетон бәрі қымбаттады. Бұл өз кезегінде біздің компания салып жатқан баспана құнының да өсуіне алып кеп отыр. Құрылысы енді басталатын үйлер құны – 30, ал құрылысы басталып кеткен үйлердің құны 15 пайызға қымбаттады. Біздің құрылыстағы материалдардың 80 пайызы – импорттық өнімдер. Үкімет 40 пайыз деңгейінде айтып жүр. Ол шындыққа жанаспайды, – дейді Шалқар Тәліпов.
Түйін
Қазақстанда 1900-дей компания құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Оның ішінде орташа және ірі кәсіпорындардың саны 130-ға жуықтайды. Өзгесі – ұсақ кәсіпорындар. Солардың бәрі қосылып нарықты отандық өніммен қамти алмайды. Әзірге бетон, газблок, құм, тас және құрғақ қоспалар – біздің төл өнімдер. Арматура, цемент, плитка, қыштақтайша, насос стансасы, ламинат сияқты аса қажетті өнімдерді түгелдей сырттан тасып күнелтіп отырмыз. Тауар бағасына кеден мен логистика, темір жол мен әуе тасымалы құны да қосылады. Содан келіп баға қымбатшылығы туындайды. Осының бәрін өзіміз шығарсақ, арзан дүние тұтынар едік деген де бос қиял. Бізде шыққан өнімдер де қандай да бір жолмен қымбат болып кете береді. Қайда барсақ та шыр айналып бір-біріне тіреліп, түбі тұйыққа бастайтын шырғалаң бұл.