ҚР ІІМ көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ел аумағында өткізілген мәртебесі реттелмеген және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын адамдарды анықтау және оларды тиісті құжаттармен құжаттандыру жөніндегі науқан нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шара аясында 4 686 құжатсыз адам анықталды. Олардың басым бөлігі – Алматы, Қарағанды, Түркістан, Ақмола, Жамбыл облыстарында тіркелген.
«3 408 адам жеке басын куәландыратын құжат алды, 1 278 - қатысты адамдарды құжаттандыру мәселесі аяқталуда. 1797 адам бұрынғы КСРО-ның қызыл төлқұжатымен жүрген. Қазіргі кезде аталған науқан жалғасуда», деді С.Сейтжанов.
Оның айтуынша, мүлдем құжатсыз жүрген азаматтар өздерінің құқықтық мәртебесін анықтау және жеке басын куәландыратын құжат алу үшін жергілікті көші-қон қызметі бөлімдеріне жүгіне алады.