• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Маусым, 2021

Қарағандыда бәйгеден облыстық ашық турнир өтті

730 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында бәйгеден Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінінің 30 жылдық мерейтойы және Елорда күні мерекесіне орай облыстық ашық турнир өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Арқа төсінде мұндай деңгейде бұрын-соңды өтіп көрмеген бұл дүбірлі додаға еліміздің бірқатар өңірінен 150-ден астам дәмелі жүйрік қатысып, бағы мен бабын қатар сынады.

Тұлпарлар арасындағы ашық турнирдің қорытындысында аламан бәйге бойынша Алматы облысынан ат қосқан Секенай Бөбекбайдың «Мамайқара» атты арғымағы алдына қара салмады.

Топ бәйгеде Қарағанды облысының атынан түскен Нұрлыбек Мұхамедияровтың «Ботагөз» деп аталатын тұлпары дара келді.

Құнан бәйгеде Жамбыл облысының намысын қорғаған Мұрат Өсербаевтың «Құралай» дегенжүйрігі топ жарды.

Ал тай жарыста Қарағанды облысындағы Нұра ауданы атынан қатысқан  Нұрлан Намысовтың «Нұрақасқасы» бәйгенің алдын бермеді.

Айта кету керек, Арқа төсіндегі ат спортының дамуына серпін берері сөзсіз бұл бәйгені ұйымдастыруға Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов басшылық ететін жергілікті Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйытқы болды. Сонымен бірге, ат жарысының жоғары деңгейіне өтуіне Қарағанды облысының басшылығы мен  Жауынгерлік өнер қауымдастығының облыстық филиалы және «Арқа» бәйге федерациясы да өз үлестерін қосты.

Бәйгені ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнап қомақты жүлде қорын тағайындады. Атап айтқанда, мәре сызығын бірінші болып қиған жүйріктердің иелері автокөлікпен, мотоциклмен, ірі көлемдегі ақшалай сыйлықтармен, сондай-ақ диплом, медаль және кубоктармен марапатталды.

Сонымен қатар, Жауынгерлік өнер қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының Құрметті президенті Кендебай Адамбеков аталған ұйым атынан тағайындалған үш номинацияның арнайы жүлделерін аты бәйгелі болған қатысушыларға табыс етті.

 

Қарағанды облысы