• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Маусым, 2021

«Дельта» штамы жаңа пандемияға себеп пе?

628 рет
көрсетілді

Бір тәулікте Алматы қаласының 46 тұрғынынан коронавирустың «дельта» штамы анықталды. Ал елордада коронавирус жұқтырған әрбір екінші науқастан қауіпті дерттің жаңа түрі табылған.

Мутацияланған вирус елімізге бірнеше апта бұрын «жеткен». Дәрігерлер мен вирусологтар ел арасында «үнді» штамы деп аталып кеткен вирустың бұрынғы түрлеріне қарағанда қауіпті әрі тез тарайтынын хабарлады. Көршілес елдердің статистикасына назар салсақ, вирус жұқтыру дерегі өскенін байқаймыз. Коронавирустың «дельта» штамы жаңа пандемияға себеп деген болжамдар да айтылып жатыр. Бұл жалғыз Қазақстанда бай­қалған үрдіс емес. Герма­ния Денсаулық сақтау министр­­лігі де коронавирус жұқ­тырғандардың тең жарты­сы­нан жаңа штамның анық­тал­ғанын мәлімдеді. Оған қоса соңғы аптада көрсеткіш екі есе өскен. Маусым айының 15-20 күндерінде науқастардың 36 пайызынан «дельта» вирус анықталса, қазір әрбір екінші науқастан табылып отыр. Ресей де дабыл қағу керек­тігін айтты. ДДҰ-ның Ре­сей­дегі өкілі Мелита Вуйнович жедел шара қолданбаса, локдаун жариялау қажеттігі туын­дайды деді. Өйткені 28 мау­сымда «дельта» штамын жұқ­тыр­ған 124 науқас қайтыс болды. Осылайша, маусым айында өлім көрсеткіші тағы бір рет жоғарғы шегіне жетіп отыр. Жақында ғана халқының жартысынан көбі екпе сал­-дырғанын хабарлап, вирус жұқтыру дерегі айтарлықтай төмендеді деп қуанған Из­раиль мемлекеті де «үнді» шта­­мын анықтағандар қатар­ын­да. Үрейленетін тағы бір жайт, ви­рус анық­талғандардың қа­тарында коро­­на­ви­русқа қарсы вакцина алған­­дар да бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының басшысы Тедрос Гебрейесус жа­қында өткен шағын аралдардағы даму­шы елдердің денсаулық сақтау мәселесі­не арналған саммитінде «Әлем елдері COVID-19 пандемиясы кезінде жіберген қателігін, одан алған тағылымын жаңа пандемияға дайындықта ескеруі керек» деген ұсыныс айтты.Жиында халықаралық ұйым басшысы климаттың өзгеруі, кей елдерге азық-түліктің жетпеу сияқты денсаулыққа қауіп төндіретін мәселелермен қатар, COVID-19 пандемиясы экономикаға да кесел келтірді дейді. Дегенмен бұл аралдағы дамушы елдер денсаулық сақ­тау саласындағы көшбасшылар екенін және халық денсаулығын қорғауды бас­ты мақсат санайтынын көрсетті. Тедрос Гебрейесус аралдардағы ел­дердің бұл індетпен күресте жақсы нә­тиже көрсетіп жатқанын да айтты. «Мен бұл эпидемия аралдағы елдер үшін қиынға соққанын түсінемін. Өйткені туризм тұралап қалды. Ал бұл ел экономикасына тікелей әсер ететінін айтпаса да анық. Бұл тығырықтан шығу жолы – вакцина», деді ол.Сонымен қатар ДДҰ басшысы COVAX бағдарламасы аясында аралдардағы 31 дамушы елге 2 миллионға жуық вакцина дозасы жіберілгенін мәлімдеді. «Әлбетте, бұл халықты жаппай вакциналау үшін жеткіліксіз. Оған қоса елдер арасында тең бөлінген жоқ. Вакцинаның 71 пайызы тек 10 елге үлестірілді. Кірісі төмен елдер әлі де вакцина тапшылығын сезінуде. Сондықтан тәуекел тобындағы халыққа екпе егу мүмкін болмай тұр», деді ол. Халықаралық ұйым басшысы қыр­күйекке дейін аралдар халқына әлі 250 млн доза вакцина керек екенін ортаға салды. Оның бұл үрдісті жылдамдату қажет дегенін түсінуге болады. Өйткені әлем елдері «дельта» штамын анықтағанын бірінен соң бірі хабарлауда. ДДҰ статистикасына назар салсақ, пандемия басталғалы шамамен 180 млн адам коронавирус жұқтырды. Вирус 3,6 млн-ға жуық кісінің өмірін жалмады. Үндістан Денсаулық сақтау министр­лігіне қарасты 28 зертхана консорциумы жаңа штамның белгілерін жариялады. Коронавирустың жаңа түрі бұрынғыдан да ауыр болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені вирустың бұл түрі өкпені бірден зақымдайды екен. Үндістан Махараштра, Керала, Мадхья-Прдаеш деп аталатын үш штатта дельта вирустың анықталғанын хабарлап отыр. Негізі, жаңа штамм былтыр қазан ­айында табылған. Содан бері әлемнің бір­қатар еліне таралып үлгеріпті. Мәскеу мэрі Сергей Собянин кейінгі күндері коронавиурс жұқтырғандардың 89,3 пайызынан «үндістандық» штамм анықталғанын хабарлады. Қала басшысы сонымен қатар жаңа вирус тез таралатынын, бұған дейінгі штамдарға қарағанда агрессивті екенін айтты. Дә­рі­герлер ко­ронавирус инфекциясын қай­­та жұқ­тыр­ғандар мен вакцина сал­дыр­­ғандардың қайтадан ауруын осы «дельта» штаммен байланыстырып отыр. ДДҰ мамыр айында пандемияның жаңа толқынына «үндістандық» B.1.617.2 штамы себепші болғанын мәлімдеді. Оған қоса көптеген елде індеттің бұл түрін жұқтырған науқастардың көбе­йіп келе жатқанын, алдағы уақытта көр­сеткіш «Ухань» штамынан да асып түсетінін болжады. Халықаралық ұйым мәлімдемесін жасап болғанша, «дельта» вирус тағы да мутацияланып, «дельта плюс» деген жаңа нұсқасы пайда болды. Жаңа штамдардың ошағына айналған Үндістан науқастар саны бойынша да алда. Вирусологтер мен дәрігерлер ға­йып­тан шешім табылмаса, жағдай өзгере қой­масын айтады. Әзірге жалғыз үміт – екпеде. Алайда Үндістанда жаппай вакцина-­­лау жарияланған күннің өзінде де халық­­­ты толық егуге 1,5 жылдай уақыт қажет. Жаңа штамдар әлі де зерттеуді қажет етеді. Англияның Қоғамдық денсау­лық сақтау агенттігі 7 маусымда «дельта плюс­ке» қатысты талдау нәтижесін жария­лады. Онда жаңа мутацияның 63 геном нұсқасы анықталғаны жазылған. Вирустың географиясына тоқтал­сақ, «дельта плюс» Англияда табылған. Одан кейін Непал, Түркия, Малайзия, Сингапур, Ресей, Қазақстан, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елі жаңа нұсқа анық­талғанын хабарлаған. Үндістандық ғалымдар вакцина­лар­­­дың жаңа түрге қалай әсер ететінін анықтау қажеттігін айтты. Өйткені ақуыз­­­дың өзгеруі вирустың мутацияла­нуы­на алып келеді. Сондықтан кей вирусо­логтер вакцина жасаушыларға қазір қол­да­нып жатқан ақуыздың орнына «үндіс­тандықты» қолдануды ұсынады. Егер вирус жұқтыру көрсеткіші өсе берсе, онда бұл түр де ресми бекітіледі. Сондықтан вирус жұқтыру көрсеткішін бақылауда ұстау керек, сонымен бірге нақты қай штамм жұққанын анықтау қажеттілігі туады. Ал ДДҰ бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасауға асығар емес. ДДҰ басшысы жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, жаһандық қауіпсіздікке қол жеткізу мүмкін емес деп ойлайтынын жеткізді. Бұл оймен келіспеске болмас. Өйткені сарапшылар «үнді» штамы жедел таралатынын айғақтап отыр. Адам денсаулығына за­қымы да «Ухань» штамынан ауыр көрі­неді. Сондықтан алдағы пандемия бұ­дан да үлкен әбігерге салуы мүмкін. «Бұл пандемиядан біраз сабақ түйдік. Індетпен күресу жолын іздеп жатырмыз. Енді келешекте жаңа індет тараса, осы тәжірибемізді қолдануымыз керек. Қазіргі әр күніміз – сабақ. Сондықтан нәтиже шығару маңызды», деді Тедрос Гебрейесус.